
Өсімдік шаруашылығының маңызды бағытының бірі – суармалы егіншілік. Осыған байланысты өңірде су үнемдеу технологиясы қолданылуда. Облыс әкімдігінде Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллинның төрағалығымен өткен кеңестің кезекті отырысында су ресурстарын пайдалануға қатысты мәселелер қаралды.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңес барысында Жайық, Қараөзен, Сарыөзен және Қиғаш өзендерінде көктемгі су тасқыны кезеңінің өту барысы, су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі бассейндік жоспар, ауыл шаруашылығы үшін су пайдалану лимиттері талқыланды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов суармалы жер көлемі кезең-кезеңімен ұлғайтылып жатқанын айтты. Былтыр өңірдегі тұрақты суарылған алқап көлемі 12 441 гектарды құраған. Мұндай алқаптардың аумағы 2023 жылмен салыстырғанда 3 420 гектарға ұлғайған. Оның 6 764 гектарына малазықтық (судан шөбі, жоңышқа, сүрлемдік жүгері), 2 531 гектарына дәнді дақылдар (арпа, жаздық бидай, соя) және 3 096 гектарына картоп, көкөніс пен бақша дақылдары егілді.
– ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің 2024-2030 жылдары ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемін екі есе арттыру жөнінде бекітілген жол картасы бар. Соған сәйкес биыл өңірде су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы 12,1 мың, 2030 жылы 36,2 мың гектар алқапты суаруды жоспарлап отырмыз. Жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, облыста 60 мың гектардан астам суармалы жер бар. Бұл суармалы алқаптарды әрі қарай ұлғайтуға мүмкіндік бар дегенді білдіреді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Сейітқазиев.
Салалық министрліктің нормативтік құжаты мен тиісті бұйрығына сәйкес биыл облысқа ауыл шаруашылығы жерлерін суаруға 35 млн текше метр пайдалану лимиті бекітілген. Бірақ Берік Маратұлының айтуынша, жалпы өнім көлемін екі есе арттыру жөніндегі жоспарды орындау үшін бұл лимит жеткіліксіз. Мәселен, бекітілген жол картасына сәйкес биыл 12,1 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін суаруға 48,9 млн текше метр су қажет. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары бассейндік кеңеске су пайдалану үшін рұқсат етілген көлемді қайта нақтылау туралы ұсыныс берді. Кеңес отырысының соңында су ресурстарын үнемдеу, оларды бөлу және тиімді пайдалану тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсынымдар енгізілді.
Ясипа Рабаева,
"Жайық Пресс"