1.08.2024, 15:30
Оқылды: 20

«Жүйелі жұмыс қылмысты өршітпейді»: Оралда ведомствоаралық кеңес өтті

Жуырда Орал қаласы әкімдігінде құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде ведомствоаралық кеңес өтті. Онда Орал қаласының прокуроры Мейірхан Ізімов қылмыстардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасады.

74D618A3-BF04-4A33-AA5F-111B1A426AC3

Орал қаласы прокурорының орынбасары Ерлан Мұхтаров баяндама оқыды. Оның айтуынша, 2024 жылы 22 қаңтарда өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау құрылымдарына қылмыстардың алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу керектігін тапсырған.  

– Барлық қылмыс түрлеріне қала прокуратурасы талдау жүргізді. Талқылауды қажет ететін бірқатар мәселе бар. Әкімдіктер жанында қылмыстың алдын алу бойынша ведомствоаралық топ-
тар жұмыс атқаруда. Тоғыз адам өлтіру оқиғасының үшеуі бұрын қылмыс жасағандардың қатысуымен орын алған. Мектептерде 18 бопсалау дерегі тіркелген. 2024 жылы 8 наурыз күні Ерсұлтан есімді азамат №12 мектеп аумағында кәмелеттік жасқа толмаған 2007 жылы туған
Қ. Ұзақбайға тиесілі 5 000 теңгені қорқытып, тартып алған. Бұл мектептегі инспектордың жұмысына деген салғырттығының салдарынан орын алған оқиға. «Қылмыстық құқықбұзушылық-
тар картасы» ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес, тонау, қорқытып алудың көпшілігі қала орталығында орын алған. Қылмыс атаулының өршуіне бірінші кезекте тиімсіз профилактика себепші болып отыр. Сот үкімімен 3 жылға сотталған А.Абаев 7 маусым күні Исаевты жерге құлатып, ұрып-соққан. Ол аздай Абаев Исаевтың «Самсунг-А23» ұялы телефонын тартып алып, оқиға болған жерден бой тасалаған. Бұл жағдай жергілікті полиция қызметінің жұмысын түбегейлі өзгертуді талап етеді. Жаяу патрульдеуді көбейту керек, – деді Ерлан Ғабдыхалықұлы.  

Орал қаласы прокурорының орынбасары бұрын сотталған А. Онатовтың 2024 жылы 3 ақпан күні түнгі сағат 22:00 шамасында Сиреневая көшесінің бойында орналасқан үй ішінде Асқарованы зорлағанын айтып өтті. Бұған қоса бұрын сотталғандардың қатысуымен орын алған басқа да қылмыстар жайлы баяндады.

– 14 ақпан күні сағат 22:00 шамасында Орал қаласы полиция басқармасына қарама-қарсы орналасқан үйде күдікті жәбірленушінің денесіне пышақ сұғып өлтірген. Сондай-ақ 2017 жылы Орал қаласы сотының үкімімен 5 жылға сотталған Павлов 13 маусым күні Орал қаласы полиция басқармасының маңында орналасқан «Ерасыл» дүкенінің қасында Викторовты бірнеше рет пышақтаған. Осыған орай қала прокуратурасы 22 маусым күні ойын-сауық орталықтарында жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізді. Соның нәтижесінде сағат 02:00 шамасында «Эльдивино» түнгі клубының алдында пробация қызметінде есепте тұрған А. Қайыржанов ұсталған. Сонымен қатар сағат 02:20 шамасында «The Bar» түнгі клубында пробация қызметінде есепте тұрған Е. Нұрланұлы мен И. Култукаеваның ешқандай құжатсыз күзетші қызметін атқарғаны анықталды. Е. Нұрланұлының сыртқы киімін тексеру барысында қалтасынан жиналмалы пышақ табылды. Осыған ұқсас заңбұзушылықтар «Money», «The Bar», «Лас Вегас», «Сибирия» түнгі клубтарында да орын алған. Қылмыстардың алдын алуға бағытталған жоспар түзілді. Қатаң бақылауға алынып, сол жоспар жүйелі түрде орындалуы шарт, – деді Ерлан Ғабдыхалықұлы.  

Өз кезегінде қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Арман Дүйсекенов 2023 жылдың 6 айында 1647 қылмыс тіркелгенін, ал биыл бұл көрсеткіш 11%-ға төмендеп, 1472 фактіні құрап отырғанын мәлімдеді.

– 2024 жылдың 6 айында 114 пробация есебінде тұрған азаматтың қатысуымен 129 қылмыс жасалған. 2024 жылдың 5 айында жұмыспен қамту орталығына соттылығы өтелмеген 19 кісі апарылып, оның екеуі жұмыспен қамтылса, 12-сі ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелді. Жыл басталғалы 36 есепте тұрған кісі учаскелік полиция инспекторларымен бірге бос орындар жәрмеңкесіне барды. 20-31 мамыр аралығында соттылығы өтелмегендермен кездесулер ұйымдастырылып, түрлі мәселелер бойынша ақыл-кеңес айтылды, – деді Арман Құсайынұлы.

Осы ведомствоаралық кеңес барысында Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарының «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» заңға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, «Мансап» орталығына 2024 жылы пробация қызметінің есебінде тұрған 70 адам жұмысқа орналасу мәселесімен жолығып, ҚР Әлеуметтік кодексінің 98, 99-баптарына сәйкес жұмыс іздеуші және жұмыссыз ретінде тіркелген.

– Ұсынылған жұмыстардан бас тартып жатқандар да бар. Мұндай жағдайлар жайында пробация қызметінің инспекторларына уақтылы хабар беріледі. Биыл 28 ақпанда пробация есебінде тұрған азаматтар үшін жұмыс жәрмеңкесі өткізілді. Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп, ата-аналарының қарауынсыз көшеде жүретін жасөспірімдерді анықтау бағытында жұмыстар жүргізуде. Жыл басталғалы 23.00-ден кейін ата-аналарының қарауынсыз көшеде жүретін 1428 жас-өспірім анықталып, хаттама толтырылды. 26 маусым күні «Атамекен» жазғы лагерінде «Есірткісіз болашақ» тақырыбында Орал қаласы ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен оқушылар арасында сурет салу және эссе байқаулары өтті, – деді Арсен Зиннатұлы.

Орал қалалық пробация қызметі бастығының міндетін атқарушы, әділет майоры Азамат Иманғалиевтің сөзінше, Орал қалалық пробация қызметінің қызметкерлері сотталғандарды ай сайын тұрғылықты мекенжайы бойынша тексереді.

Олармен сұхбаттасып, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Пробация қызметінде тіркеуде тұрғандар түнгі 22.00-ден кейін өз үй-жайында болуы шарт. Өз кезегінде Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев кеңесте талқыланған мәселелер төңірегінде ой-пікірін ортаға салып, қылмыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды ширату керектігін алға тартты.

Орал қаласының прокуроры Мейірхан Ізімов нақты нәтижеге қол жеткізу үшін жоспарлар жүйелі түрде жүзеге асуы қажет екенін атап өтті.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале