Жаздың аптап ыстығы жүкті әйелдердің жағдайын қиындатуы мүмкін. Жоғары температура кезінде қалай күтіну керек, болашақ ана мен оның сәбиін қалай қорғауға болады? Сауалдарға Алматы қаласындағы №4 перзентхананың жүктілік патологиясы бөлімінің меңгерушісі, акушер-гинеколог Дмитрий Эзау жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Фото: istockphoto.com
"Жүктілік кезінде әйел ағзасына көп күш түседі. Қан айналымының көлемі артады, жүрек соғысы жиілейді, дененің жылу реттеу жүйесі өзгереді. Аптап ыстық бұл процестерді күрделендіріп, салдарынан әйел ісініп, денесі қатты қызады", - деді маман.
Қатты ыстық бас ауру, бас айналу, әлсіздікке себеп болып, жай-күйді нашарлатуы мүмкін, әсіресе, артериялық гипертензиясы, анемиясы бар әйелдер мен жүктіліктің соңғы кезеңіндегі әйелдер үшін бұл - қауіпті жайт.
Маманнан кеңестер:
"Егер қарсы көрсетілімдер болмаса, күніне кемінде 1,5–2 литр су ішуді әдетке айналдырыңыз", - деп кеңес берді дәрігер.
Таза суға, шөп шайларға, қантсыз компоттарға басымдық берген жөн. Газды сусындар мен кофеден бас тартқан дұрыс.
"Сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін көлеңкеде немесе үйде болған жөн", - дейді Дмитрий Эзау.
Киім табиғи матадан, кең және ашық түсті болуы қажет. Міндетті түрде бас киім киіңіз.
Ыстық күндері ауыр, майлы тағамдардан бас тартқан дұрыс.
"Ас мәзірі жеңіл, бірақ нәрлі болуы қажет. Мысалы көкөністер, жемістер, қышқыл сүт өнімдері, ақуызға бай тағамдарды тұтыну маңызды", - дейді маман.
"Ыстықта жүкті әйелдердің аяқ-қолы жиі ісінеді. Мүмкіндігінше көп тұрмауға, керісінше аяқты жоғары көтеріп демалуға тырысыңыз. Ісінгеніңіз қатты байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз", - деп ескертті Дмитрий Эзау.
Температура айырмашылығы 5–7 градустан аспауға тиіс.
Әлсіздік, бас айналу, жүрек айнуы немесе жүрек қағысының жиілеуі байқалса, дереу демалып, су ішіп, қажет болған жағдайда дәрігерге жүгініңіз.