22.02.2022, 9:00
Оқылды: 99

Жұмадағы жанашырлық

Облыстық «Орал өңірі» газетінде 16 ақпан күні «Үйі өртенген көпбалалы отбасы көмекке зәру» атты мақала жарық көрген болатын.  Содан бері редакцияға хабарласып, мән-жайды  сұрап, көмектесуге қарекет жасап жатқан жамағат баршылық. 

IMG_5636

Айта кетейік, Орал қаласындағы Деркөл кентінің тұрғыны Байтуған Тілеужановтың таяуда тұрғын үйі өртеніп, қыстың ішінде қиын жағдайға тап болған еді... Көпбалалы отбасының мүшкіл жағдайы өңір тұрғындарын бей-жай қалдырмады. Мәселен, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары бар болғаны 2 күннің ішінде 2 миллион қаражат жинап, ақпанның ақ боранында үйсіз қалып, көңілі жабырқаған жанұяға үлкен қолдау көрсетті. 18 ақпан күні облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева бастаған облыстық мәслихаттың депутаттары – Тұрарбек Тілемісов пен Алтынбек Ермекқалиев Тілеужановтар тұрып жатқан пәтерге арнайы барып, қал-жағдайларын сұрап, жиналған қаражатты табыстады.

WhatsApp Image 2022-02-21 at 20.05.10

 

– Алтыншы ақпан күні электр желісінің ақауы салдарынан тұрақты баспанамыз өртеніп, үйсіз-күйсіз қалдық. Қыстың ішінде баспанасыз қалудың азабын басқаның басына бермесін. Қиын  екен. Алайда Алланың сынағына шыдап, төземіз ғой. Басымызға іс түсіп жатқанда қолтығымыздан демеп, көңілімізді аулап, көмектесіп жатқан жерлестерімізге дән ризамыз. Оқиға болғалы біраз адам қал-жағдайымызды сұрап, қол ұшын созды. Ал бүгін тіптен таңғалып, таңырқап отырмыз. Шыны керек, халық қалаулылары бірер күнде мұндай қомақты қаражетпен көмектеседі деп ойламаппыз. Қуанып отырмыз. Бәріңізге де Алла разы болсын! Көп рақмет. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болып, ел-жұрттың құрметіне бөлене беріңіздер, – деді ақжарма алғысын жеткізген Байтуған  ағамыз.

Осынау сауапты іске «Орал өңірі» газеті редакциясының ұжымы да бір атаның баласындай атсалысып, жұма күні жанашырлық танытып, қаржылай қолдау көрсетуден қалыс қалмады.

Алтынбек Серікқалиұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале