25 шілде күні Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында облыстық ХІІ азаматтық форум өтті.

Форумның «Жұмысшы мамандық – ел ертеңінің кепілі» атты панельдік сессиясында еңбек адамдарының қоғамдағы маңызы айтылып, осы салада табысқа жеткен азаматтар пікір алмасты. Бұл іс-шараға Орал қалалық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Нұргүл Ашықова, облыстық «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Саян Баймұханов, Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі директоры Эльмира Омарова, «Орал таза сервис» ЖШС директоры Рафхат Данағұлов қатысты.

Қазақстан бойынша мұндай форум екі жылда бір рет өтеді. Бүгінде 20 өңірде жүзеге асып жатқан жобаның республикалық қорытынды форумы қазан айында болады. Қорытынды жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысады. Ел президенті «Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деген болатын.

Аталмыш форумның мақсаты – осы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе бөлісу, білім мен кәсіпті ұштастыра отырып жаңа мүмкіндіктерге жол ашу.
Алғаш болып сөз кезегін алған Нұргүл Әжібайқызы Жұмысшы мамандықтары әрқашан сұранысқа ие екендігін атап өтіп, жастарды көптеп тарту керектігін тілге тиек етті. Өзі көкөніс өнімдерін өсірумен айналысқандықтан, бірнеше азаматты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер қарамағындағы қызметкерлердің отбасылық, тағы да сол секілді әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдесіп жүргенін айтты. Одан кейін облыстық «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Саян Қуанышұлы баяндама жасап, биыл жастар жұмыссыздығының алдын алуға арналған іс-шаралар көптеп өткенін хабарлады. Эльмира Құмаржанқызы мен Рафхат Мырзахметұлы өздері басшылық ететін мекемеде бос жұмыс орындарын атап өтіп, жастарды жұмысқа шақырды. «Орал таза сервис» ЖШС Орал қаласы мен оған жақын ауылдардағы қатты тұрмыстық қалдықтарды тазалап, оны қоқыс полигонына жеткізумен айналысады. Қазіргі таңда осы іргелі серіктестікте 170-тен аса қызметкер еңбек етеді.

Жүк көлігінің жүргізушілері мен еңбеккерлер таңғы сағат алтыдан бастап қала қоқысын тазалайтынын айтып, еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға бағытталған іс-шараларға басымдық беру керек екенін мәлімдеді.
Форум соңында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева спикерлерге алғыс айтып, тақырыпқа сай оймақтай ой білдіріп, іс-шараны түйіндеді.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»
Фото авторы: Мейірбек Тажкуранов