19.06.2025, 18:15
Оқылды: 234

Жұмысшы мамандықтар – ел болашағының негізі

Қаладағы жоғары аграрлық-техникалық колледжі еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауға баса назар аударады.

c87046ef-fa86-46e2-accc-9dbf81caafd0

2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы ретінде айқындағалы бұл бастама аясында бірқатар нақты істер қолға алынды. Ел экономикасының дамуындағы басты драйверлердің бірі – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру. Бұл жұмысты облыс орталығындағы жоғары аграрлық-техникалық колледжі жүйелі әрі сапалы атқарып келеді.
Колледждің білім беру үдерісі салалық стандарттар мен жаңа форматтағы талаптарға сай жүргізілуде. Мұнда студенттер тек теориялық біліммен шектеліп қалмай, практикалық дағдыларын жетілдіруге де мүмкіндік алады. Оқу орны еңбек нарығының сұраныстарын ескере отырып, жұмысшы мамандарды сапалы даярлауға күш салады.

7e1e0d14-550c-4c2f-b9b9-a3aacd72ea7a
– Колледжімізде 15 мамандық бойынша білім беріледі. Әр мамандық аясында қосымша 2-3 жұмысшы біліктілігі ұсынылады. Қазіргі таңда 35 түрлі жұмысшы біліктілігі бойынша курс жұмыс істейді. Сонымен қатар, құзыреттілік орталығымыз да белсенді қызмет атқаруда. Аталған орталық тек студенттерге ғана емес, өңірдегі жұмыссыз немесе кәсіби біліктілігі төмен азаматтарға да жаңа мамандықты меңгеруге мүмкіндік береді, – дейді колледж директоры Әсел Ғалиасқарова.
Бүгінде бұл оқу орнында ұстаздардың кәсіби шеберлігін арттыру бағытында да тың бастамалар бар. Түрлі семинарлар мен тренингтер өткізіліп, халықаралық тәжірибелермен танысуға жағдай жасалған. Сонымиен қатар студенттер NCCER арнайы стандарты бойынша білім алады. Ол стандартпен оқыған жастар елімізде ғана емес, әлемнің 69 мемлекетінде жұмысқа орналаса алады.
Колледж ұжымы жастардың кәсіби дамуына да ерекше көңіл бөліп отыр. Жазғы демалыс кезінде мектеп оқушыларына арналған арнайы лагерь ұйымдастырылған. Мұндағы мақсат – балалардың уақытын тиімді өткізуімен қатар, колледжде оқытылатын мамандықтарды кеңінен насихаттау. Лагерьге 7, 8 және 9-сынып оқушылары тартылып, олар робототехника, графикамен жұмыс, 3D принтермен бұйымдар басып шығару сынды қызықты үйірмелерге қатысады.
– Балалардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығы қуантады. Лагерь аясында колледжіміздегі 15 мамандық пен 35 біліктілік жайында кеңірек ақпарат береміз. Өз өмірін нақты бір кәсіпке арнап, еңбек жолында шыңдалғысы келетін ұл-қыздар жетерлік, – дейді арнайы пәндер оқытушысы Бейбіт Есенов.

7248674d-5633-46b0-adb4-4f262ed13375
Колледжде ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған. Бұл бағыттағы жұмыстар бір жылдық емес, ұзақ мерзімді жоспарлармен ұштасып отыр.
Аталған оқу орнының үшінші курс студенті Бекхан Артығалиев – «Электромонтер» мамандығын меңгеріп жүр. Мамандық таңдауда қателеспегеніне сенімді.

c975b17b-e87d-44bc-b7ec-bb76e2602389
– Қазіргі таңда теориямен қатар, тәжірибелік сабақтарда да білімімді шыңдап жүрмін. Колледжді аяқтағаннан кейін жоғары оқу орнына түсіп, өз мамандығымды тереңірек білгім келеді. Болашақта еліміздегі ірі шетелдік компанияда еңбек етуді мақсат етіп отырмын. Қазірдің өзінде электр жабдықтарына қызмет көрсететін мамандарға сұраныс жоғары. Әрине, бірден жоғары жалақысы бар жұмыс табу оңай емес. Дегенмен кәсіби шеберлігімді арттыру арқылы сол мақсатқа жетемін деп сенемін, – дейді Бекхан.
Білім беру сапасын арттыру, заманауи технологияларды меңгеру, білікті кадр даярлау – бүгінгі күннің басты талабы. Осы тұрғыда Оралдағы Жоғары аграрлық-техникалық колледждің қолға алған бастамалары – еңбек адамының мәртебесін арттыру жолындағы нақты қадамдар екенін байқалып тұр.

Түгелбай Бисен

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале