26.01.2023, 11:15
Оқылды: 70

Жүргізушілер айыппұл төлеп, қамауға алына ма?

Руслан Маратұлы, Бөрлі ауданы: Қазақстанда ауа райының қолайсыздығына байланысты жол жабылғанда көлік жүргізгендер 15 тәулікке қамалып, айыппұл төлей ме?

photo_323678

Фото дереккөзі: Tengrinews.kz 

Олжас Ибрайымов, БҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары, полиция майоры:

олжас ибрайымов

– Өткен жылдың соңынан бастап елімізде ауа райының қолайсыздығына байланысты көлік қозғалысын шектеу жөніндегі хабарламаны ескермеген жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр. Қатты бұрқасында, көктайғақ болғанда немесе қалың тұман түскенде облыстық және республикалық маңызы бар жолдар жабылады. Бұл  –  жолаушылардың қауіпсіздігі үшін қажет іс-шара. Мұндай шешімді  жолдарға жауапты «Қазавтожол» ҰК» АҚ БҚО филиалы мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаменті бірлесіп қабылдайды. Содан кейін өңір тұрғындарына ұялы байланыс операторлары арқылы 112 нөмірінен ауа райының қолайсыздығы  жөнінде  SMS-хабарлама таратады.

Жолдың жабық екені жөніндегі хабарламаны ескермей, полицияның заңды талабын бұзып, алыс сапарға шыққан азаматтарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 667-бабының 1-бөлігіне сай әкімшілік шара көзделген. Полиция қызметкерлері оларға әкімшілік хаттама толтырған соң, сотқа жолдайды. Сот шешім шығарады. Құқық қорғаушыларға бағынбағандарға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 103 мың 500 теңге айыппұл салынады. Әлде болмаса,  15 тәулікке дейін қамауға алынады. Облыста ауа райы жиі құбылып, боран соғып, көктайғақ болып, қатты аяз түскені белгілі. Сол кезде жолаушылар тасымалдайтын аутобостар мен дизельді жеңіл көліктердің жүруіне тыйым салынды. Біздің облыста полицияның талабын бұзған жүргізушілер анықталған жоқ. Ал өзге облыстарда азаматтар жолдың жабылғаны туралы ескертуді елемей, жолға шығып, қар құрсауында қалды. Сондықтан біз тұрғындарды 112 нөмірінен келген хабарламаға  бейжай  қарамауға  шақырамыз.

Ұлдай Қолғанатова, Орал қаласы: Қоғамдық көлік кешіксе, қайда шағымдану керек?

– Орал қаласында қоғамдық көліктер жиі кешігіп жатады. Әсіресе, кешкі уақытта автобусты аялдамада ұзақ күтуге тура келеді. Осы орайда қоғамдық көліктердің қай жерде келе жатқанын білуге мүмкіндік бар ма? Сондай-ақ автобустар жолаушыларды ұзақ уақыт күттірсе, қайда  шағымдану керек?

Нұрбол Сабыржанов, Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:  

нурбол сабыржанов

– Автобостардың қай жерде келе жатқанын көрсететін «Avtobys» деген ақпараттық сервис бар. Оны смартфондағы Play Market қосымшасынан көшіріп алып, тіркейсіз, қаланың атын жазасыз. Содан соң сізге керек маршрут нөмірін теріп, «Іздеу» жүйесі арқылы бағыт-бағдарды анықтайсыз. Автобостардың жүру бағыттары мен қай жерде келе жатқаны картадан көрініп тұрады. Әр автобустың интервалы әртүрлі. Орташа интервал – 7-8 минут. Жолаушылар ағымына байланысты кейбіреуінде 10-15 минут болады. Ал қоғамдық көліктер ұзақ күттіретін болса, сіз айтқандай, сарылып күтуге тура келсе, Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  8-7112- 50-04-02 байланыс нөміріне  хабарласуыңызға болады.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале