12.11.2021, 10:12
Оқылды: 81

«Жүргізушілер инспекторларға пысқырмайды»

Елімізде өсімдіктер карантині бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Біздің облыста да  бұл салада жұмыс атқарылуда.

WhatsApp Image 2021-11-11 at 22.18.30

Алдымен өсімдіктер карантинінің не екеніне тоқталып өтсек. Өсім­діктер карантині мемлекет аумағын карантинді аурулар мен зиянкестердің, арамшөптердің таралуынан сақтау үшін ұйымдастырылады. Аталмыш іс-шара сыртқы және ішкі карантин болып екіге бөлінеді. Сыртқы карантин еліміздің аумағын карантиндік маңызы бар нысандардан, яғни зиянды өнімдерден қорғайды. Шекаралардағы арнайы бекеттерде елімізге әкелініп жатқан өсімдік өнімдерінің барлығы карантиндік тексеруден өтеді. Ал ішкі карантиннің негізгі мақсаты – республика аумағында кездесетін, бірақ әлі кең тарала қоймаған зиянды нысандарды жою және әрі қарай таралуын шектеу.

Ел аумағында карантиндік нысандардың 14 түрі таралған. Оның ішінде облыс аумағында олардың 4 түрі бар. Олар - жатаған укекіре, көпжылдық ойраншөп, арамсояу және жұпсыз жібек көбелегі.

Біздің облыста ҚР АШМ АӨК МИК БҚО аумақтық инспекциясы өсімдіктер карантині  бойынша екі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасы аумағында тасуға рұқсат ететін карантиндік сертификат және  осындай өнімді ел аумағынан тыс жерге әкетуге фитосанитарлық сертификат береді. Жыл басынан бері инспекцияда осы қызметтер үшін  6961 өтінім тіркеліпті. Өтінімдерді қарау барысында 8974 мемлекеттік қызмет рәсімделген. Соның ішінде 7282 фитосанитарлық және 1692 карантиндік сертификат берілген. Сондай-ақ 12505 карантиндік фитосанитарлық қадағалау (бақылау) актісі рәсімделген.

Аталмыш мекеменің мемлекеттік инспекция бөлімінің бас маманы Алтынай Қайырғаливаның (суретте) айтуынша, облыста «Ақсай», «Жәнібек», «Орда», «Тасқала», «Сырым» және «Шаған» фитосанитарлық бақылау бекеттері бар. Алайда қазір  Сырым және Тасқала аудандарындағы екі бекет қана  жұмыс істеп тұр. Аталған бекеттер арқылы ел аумағына импортталатын немесе елімізден экспортталатын, транзит арқылы басқа елдерге өткен карантинге жатқызылған өнімдер бақыланып, қадағалануда.

Айту керек, карантинге жатқызылған өнімдерді ел ау­мағына тасымалдау үшін  «Өсімдіктер карантині туралы» ҚР заңының 13-бабы 2-тармағының 2-1 тармақшасы басшылыққа алынады. Соған сәйкес міндетті түрде экспорттаушы елдердің ұлттық карантиндік қызметтерінің фитосанитарлық сертификаттары болуы керек. Сондай-ақ карантинге жатқызылған өнім импорттаушы елдің фитосанитарлық талаптарына сәйкес болғаны жөн. Ал  өнімдерді жоғарыда көрсетілген құжаттарсыз  тасымалдағандар  «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР кодексінің 400-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.

– Күн тәртібінде тұрған бір мәселені айта кетсем деймін. Қазір өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларға шекарадан өтетін көліктерді тоқтату қиын соғуда. Сонымен қатар өнімдерді құжатсыз тасымалдаған аутокөліктерді кері қайтару немесе заң талаптарын бұзғандарға әкімшілік айыппұл салу да қиындап кетті. Бұл жағдайға фитосанитарлық бақылау бекеттерінің аутомо­бильді шекара бақылау бөлімшесінен тыс орналасуы себеп болуда. Яғни кейбір көлік жүргізушілері шекара аймағынан тысқары тұрған инспекторлардың тоқтатқанына пысқырмай, тоқтамай өтіп кетеді. Ал ондайларға біз ешқандай шара қолдана алмаймыз. Фитосанитарлық бекеттер елдегі пандемия кезінде шекара аумағының ішінде орналасқан еді. Сол кезде заңбұзушылықтар көп анықталып, былтыр 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Айыппұл салу бойынша республикада ең жоғары көрсеткішке ие болды. Алайда бекеттер шекара аумағынан тысқары шығарылған соң,  айыппұлдардың көлемі екі есе азайды. Мәселен, жыл басынан бері өсімдіктер каранти­ні бойынша 1110 заңбұзушылық анық­талды. Соған сәйкес 1036 әкімшілік іс қозғалып, 62 643 260 теңге  айыппұл  салынды.

Елімізге фитосанитарлық бақылау және қадағалаудан өтпеген аутокөліктер арқылы зияндылығы жоғары карантинге жатқызылған өнімдер заңсыз кіруде. Бұл зиянды өнімдер ауыл шаруашылығы өнімдеріне кері әсерін тигізе түседі. Сол себепті облыстағы алты фитосанитарлық бақылау бекетін мемлекеттік аутомобильді шекара бақылау бөлімшесінің аумағына кіргізу керек деп есептейміз. Сонымен бірге оларға басқа мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, «бір терезе» қағидаты негізінде тұрақты қызмет көрсетуге жағдай жасалу қажет деп санаймыз, – деді бас маман Алтынай Қайырғалиқызы. Маманның тағы бір айтқаны, өсімдіктер карантині бойынша заң талаптарын 2 немесе одан да көп қайталап қасақана бұзатындар анықталуда екен. Осыған орай әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін қайталап жасаған әрекетке салынатын айыппұл мөлшерін көбейткен жөн.

e5afdafa-2347-4739-a50f-788274450dc3

Биыл Бәйтерек ауданында карантиндік  арамшөпке жататын көп жылдық ойраншөпке қарсы өңдеу республикалық бюджет есебінен жүргізілген. Ал укекіреге қарсы пестицидтер бөлінбегендіктен, оларды жоюға жергілікті атқарушы құрылымдарға нұсқама берілген. Сол секілді ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне де карантиндік шөптерді жою және оқшаулау үшін 106 агротехникалық және 105 химиялық шара өткізуге нұсқама берілген. Алайда химиялық шараларды орындауға берілген 7 нұсқама орындалмағандықтан, әкімшілік хаттама толтырылып, тәртіптік іс сотқа жолданыпты. Сот шешіміне сәйкес 2 494 035 теңге көлемінде  айыппұл салынған.

Өсімдік карантині – мемлекет қауіпсіздігінің, қала берді тұрғындар денсаулығының бір кепілі. Сондықтан өсімдіктерді тасымалдау барысында да карантин талабын сақтауды ұмытпаған жөн.

Ясипа  Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале