28.01.2025, 11:15
Оқылды: 158

«Журналист мамандығы – жауапты қызмет»

Өткен аптада осындай атаумен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында ҚР Ақпарат саласының үздігі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, танымал тележурналист Гүлмира Тілеубаевамен кездесу кеші өтті. «Елеулі есімдер» жобасы аясында өткен кешті облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қадырсарай ұжымы ұйымдастырды. 

М Салык (2)

 «AQJAIYQ» телеарнасында авторлық бағдарламалармен қатар «Жымпитылық немістер», «Аяздағы ақшуақ», «Ғарыш мінезді адам», «Әнші дауысы», «Қазақтың Қадыры» атты деректі телефильмдердің авторы ретінде танылып жүрген белгілі журналистпен кездесуге көрермен көп жиналды.

Гүлмира Жұмабайқызы – Қазталов ауданындағы Бостандық ауылының тумасы. Ол әкелерге арнап әннен естелік орнатқан ауылда туып-өскенін мақтан етеді. Олай дейтініміз, халықтың сүйікті әндерінің біріне айналған «Әкем-әнім» әнінің ауторы Әділбек Сүлейменовтің әке-шешесі мен Гүлмира Жұмабайқызының ата-анасы ұзақ жыл көрші тұрыпты. Кеш кейіпкері 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген.

– Осы өңірдегі қарапайым журналистердің бірімін. Тележурналистикада мен деген сөз айтылмайды, біз деген сөз ғана бар. Сол айтқандай, еңбегім еленіп жатса, ол жалғыз менің емес, шығармашылық топтың еңбегінің нәтижесі. Бала жасымнан өнер мен әдебиетке құштар болып өстім. Неге екенін білмеймін, кішкентай кезімнен журналист боламын деп армандадым.   Марқұм әкем Жұмабай кітапқұмар адам болды. Үйге мерзімді басылымдарды көп алдыратын. Қонақтықтарда карта ойнамай, оңаша отырып, кітап оқитын еді. Шағын ауылда мен де сол кішкентай кезімнен кітапқа әуес болып өстім, – дейді балалық шағын еске  алған  журналист.

Қаңтардың 20-сында қос бестігін атап өткен танымал журналистің кешіне ақ тілегін арнасам деп келген жандардың қатары көп болды. Солардың бірі – Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, дәстүрлі әнші, жыршы-термеші Қатимолла Бердіғалиев бүгіндері ел-жұртқа танымал журналисті сонау мектеп бітірген шағынан бері білетіні туралы естелік әңгіме айтып берді.

– Жаңылыспасам, 1987 жыл болуы керек. Казталов ауданындағы редакциядан шығып келе жатсам, алдымнан жасөспірім қыз шықты.  Менімен амандасып, «Сізді іздеп жүрмін, аға» деген ол: «Биыл мектеп бітірдім. Алматыға барып, журналистика факультетіне оқуға түскім келеді» деді. Содан оны аудандық газеттің жауапты хатшысы Қабдығали Жақып деген досыма апарып тапсырдым. Ол кісінің бағыт-бағдар беруімен, сәті түсіп университетке түсіп кетті. 1987 жылдар айтыстың дүркіреп жүріп жатқан кезі. Демалысқа келгенде ауданның атынан айтысқа шығарамыз. Өзі өлең жазады. Кейде Алматы қаласында өтіп жатқан айтыстарға барамыз. Сонда марқұм Рашид Шақу екеуі ылғи біздің жанымызда жүреді. Сол Гүлмира бүгіндері адал еңбегімен халқына қызмет етіп, құрметке бөленіп жүр. Оның деректі фильмдерінің бәрі дерлік мән-маңызы зор, тағылымды фильмдер. Қабдығали екеуміз Гүлмираны өз қызымыздай жақсы көруші едік. Қызымыздың халқына бергенінен берері әлі де көп. Гүлмира Жұмабайқызының ұйытқы болуымен әлі талай тағылымды фильмдер мен тартымды телехабарлардың дүниеге келетініне сенімдімін, – деді Қатимолла Бердіғалиев.

Шырайлы шығармашылық кеште Гүлмира Жұмабайқызы өзінің өмірі мен шығармашылығына қатысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, өмірде өзіне өнеге көрсеткен жандардың бәрінің ұстаз болуға лайық екендігін атап өтті.

– Алғашқы ұстазым Мақсот Сүлейменов жан-жақты, сегіз қырлы бір сырлы адам еді. Өзі ағаштан түйін түйген ұста, сурет салады, баян тартады. Мектепте 4-сыныпта жетекшіміз болған Гүлбану Шынтемірова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі еді. Бізді сабақтан гөрі түрлі байқауларға жиі қатыстыратын. Өзі әдемі, талапшыл жас ұстаздың сабақ беруі мен шәкірттерін баурап алуының өзі ерекше болды. Ол кісі бұрын облыстық телеарнаның алғашқы дикторларының бірі болып қызмет істеген екен. Университеттегі ел білетін кураторым Бауыржан Жақып. Аудандық газетте қызмет істегенде Қабдығали ағам  журналистикаға баулып, білгенін үйретті. Өте талапшыл еді. 17 жаста болсам да, газетке қатысты түрлі жанрда мақала жазуды талап ететін. Оның көмегі де көп болды, әрине. Облыстық телевидениеге шақырған Асланбек Зинатұлы да мықты ұстаздарымның бірі. Жоғарыда аталған деректі фильмдердің идеясын айтқан осы кісі. Менің ұстаздарым өте көп. Әлі күнге  өзіме үлгі көрсеткен жандардың алдында өзімді шәкірт сезінемін, – деп ой бөлісті кішіпейілділігінен танбаған Гүлмира Жұмабайқызы.

Сахнаға көтерілген ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінде журналистика мамандығы бойынша бірге оқыған кездегі  студенттік жылдарды еске алды.

– Қазақтың ұлттық университетінде қазіргі заманғы қазақ руханиятының шамшырағы саналатын Зейнолла Қабдолов, Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеевтей тұлғалардың дәрісін тыңдаған соңғы курспыз. Исаак Ньютонның «Егер мен қиядағыны көрсем, қияндағыны шалсам, ол менің мықтылығым емес, менің мықтылардың иығында тұрғандығымнан» деген сөзі бар. Біз осындай алыптардың алдын көріп, дәрісін тыңдап, мықты курс болып қалыптастық. Философиядан семинар қабылдаған Еңсебаева Айнагүл апайымыз: «Мықты журналист болып қалыптасу үшін ең әуелі аналитикалық ақыл-ой мен философиялық ойлау жүйесі керек» деп жиі айтатын еді. Бұл, шын мәнінде, журналистиканың өзегі деуге лайық өміршең көзқарас.

Гүлмира бірінші курста алғаш көргенімде көзінде ой тұнған, биязы мінезді, иманжүзді, ибалы мінезді бойжеткен еді. Әлі сол байсалды, парасатты қалпы. Курстасымды адам ретінде, маман ретінде де ерекше сыйлаймын. Бір әулеттің сыйлы келіні, қазақтың бір азаматының шаңырағының жарқыраған шамшырағы, қос перзенттің анасы Гүлмира Жұмабайқызына әркез сәттілік пен барша жақсылықты тілеймін, – деді Бауыржан Файзоллаұлы.

Журналистің өзіне сұрақ қойып, жауап алған сырлы кеште Гүлмира Жұмабайқызының кәсіби маман ретінде атқарған еңбегі, қоғаммен байланысы, іскерлігі, адами келбеті  туралы әдемі әңгімелер айтылды.

Бұл күні «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, «AQJAIYQ» телеарнасының директоры Клара Қамбетова  және тележурналистика ардагері Аслан Ғұбашев кеш иесін мерейлі жасымен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Жергілікті өнерпаздар әнмен әрлеген әдемі кеште журналистің тынымды тірлігі туралы бейнебаян көрсетіліп, жемісті еңбек жылдардан фотокөрме  ұйымдастырылды.

 

Гүлжамал  Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале