Облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері коронавирусқа қарсы вакцина алды. Олардың арасында «Aqjaiyq», «Habar 24», «Astana» телеарналары мен «Жайық Пресс» ЖШС-ның, «Egemen Qazaqstan», «Жайық үні», «Пульс», «Информ Биржа», «Время», «Мой город» газеттерінің тілшілері бар. Екпе алуға келгендер алдымен медициналық тексерістен өтті. Дәрігерлер олардың қан қысымы мен дене қызуын өлшеді. Денсаулықтарында еш ақау болмаған соң, егу бөлмесіне жіберілді.
– Әріптестеріммен бірге COVID-19 вирусына қарсы екпені қабылдадық. Дәрігерлер індеттің алдын алудағы басты амал осы вакцина екенін айтуда. Неғұрлым көп адам екпе қабылдап, ұжымдық иммунитет қалыптастырсақ, коронавирусты жеңуге мүмкіндік болады. Бүгінге дейін өңірімізде «Спутник-V» екпесін алған журналистер бар. Олардың ешбірінде екпеден кейінгі асқынулар болмады. Вакцинациядан бұрын қарсы көрсетілімдерге міндетті медициналық тексеру жүргізілді. Екпеге қатысты ешқандай қорқыныш, үрей жоқ. Енді 21 күннен кейін екпенің екінші компонентін қабылдап, вирусқа қарсы тұрақты иммунитет қалыптастырмақ ниеттімін, - деді «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО-дағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы.
Бұл күні екпе алғандардың бірі – «Aqjaiyq» телеарнасының тілшісі Динара Әлпейісова. Ол тұрғындарға әлеуметтік желілердегі екпеге қарсы алып-қашпа, жалған мәліметтерге сенбеу қажеттігін айтады.
– Санитарлық талаптарды сақтағандықтан шығар, отбасымда, туған-туыстарымның арасында ешкім індетке шалдыққан жоқ. Бірақ біз күнделікті жұмыс барысында көптеген адамнан сұхбат алып, стационарларға кіреміз. Сол себепті отбасымды, әріптестерімді қорғау мақсатында Ресейде өндірілген «Спутник-V» вакцинасымен егіліп шықтым. 30 минут дәрігердің бақылауында болдық. Ешқандай кері реакция болған жоқ. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Сол себепті көпшілікті қорықпай вакцина алуға шақырамын, - деді ол.
Айта кетсек, вакцина алуға ниетті кез келген адам тіркелген ауруханасы арқылы екпе қабылдай алады. Өзімен бірге міндетті түрде жеке куәлігі болуы керек. Екпе алғаннан кейін үш күн учаскелік дәрігер қадағалайды. Вакциналау күні мен уақыты туралы СМС-хабарлама ұялы телефонға бір тәуліктің ішінде келеді.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress