4.06.2019, 17:49
Оқылды: 122

Жүз отбасыға жақсылық жасалды (ВИДЕО)

Орал қаласындағы Тәжиден Батырұлы мешітінде «Рамазан – мейірімділік айы» атты облыстық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

dinara (2)

Берекелі айда мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетіп, ел ішінде мейірімділік пен жанашырлық қасиеттерді кеңінен насихаттауды мақсат еткен игі шара барысында жүзден астам отбасының әрқайсына қап толы азық-түлік тарту етілді.

1111

 

– Баршаның дұға-тілегі қабыл болатын қасиетті Рамазан айы басталғалы қолға алынған шаралар легі мол. Республика бойынша «Рамазан керуені» жобасы басталып, оның аясында түрлі бағыттағы қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылды. Біздің облыс бойынша 200-ден астам адамға азық-түлік жағынан көмек көрсетілсе, бүгінгі шара барысында жүзден астам отбасыға қолұшын созудамыз. Мұндай игілікті іс облыс аумағында ғана емес, өңіріміздің барлық аудан-ауылында да жүзеге асырылуда. Мұқтаж жандарға көмек ретінде үлестірілген азық-түлік мешіт жамағаты мен қызметкерлерінің, жалпы жұртшылықтың жинаған пітір садақасы есебінен алынып, халыққа үлестірілуде. Мұсылмандық парызына адалдық танытып, айналадағы жандарға жанашырлық білдіретін, қолынан келсе, қайырымдылық жасауға даяр тұрар барша жанға рақмет! Ораза айт мүбәрак болсын. Ескерте кетерлік жайт: ертең, яғни 5 маусым күні жергілікті уақыт бойынша 06.30-да айт намазы оқылады, барша жұртшылыққа мешіт есігі айқара ашық,- деді ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Еркебұлан Қарақұлов.

dinara (3)

Қуанышқа кенелген отбасының бірінің отанасы, бес балалы жалғызбасты ана Айбарша Спанқұлова жыл сайын мешіт жанынан көмек көрсетіліп тұратындығын айтты.

«Өмірлік қиын жағдайға тап болған біз секілді жандарға азды-көпті қолдау білдіріп, жақсылық сыйлап жатқан мешіт ұжымы мен жалпы халыққа алғысым шексіз. Жасаған жақсылықтарыңыз сауапқа жазылып, өздеріңізге еселеп қайтсын. Ораза айт құтты, еліміз тыныш, басымыз аман болсын! Бейбіт елдің аспанын бұлт торламай, ұрпағымыздың қызығын көруді жазсын»,- деді А.Спанқұлова.

Аяужан Кереева,

сурет және видео: Динара Киндербаева

                                                                                                  zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале