10.08.2026, 12:30
Оқылды: 4

Жыл басынан бері Skills Enbek платформасында 99 мыңнан астам қазақстандық оқудан өтті

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында 99,5 мың қазақстандық Skills Enbek кәсіби оқыту платформасында онлайн курстарды сәтті аяқтап, сертификат алды.

d2ea9c08968f32f82117914375ea2253_1280x720

Платформа жұмысын бастағалы бері 1,3 миллионнан астам адам тіркелген. Тек биылдың өзінде оқуға 143,4 мың адам қосылды. Ал платформада берілген сертификаттардың жалпы саны 1,29 миллионға жетті.

2026 жылдың алғашқы жеті айында оқуды аяқтағандардың арасында әйелдер саны басым – 56 804 адам. Ерлер саны – 42 337 адам. Оқуға ең белсенді қатысып жүргендер – 36-50 жас аралығындағы азаматтар.

Оқуды аяқтағандар саны бойынша Түркістан облысы алдыңғы орында – 10 073 адам. Одан кейін Қызылорда облысында – 9 110, Алматы облысында – 7 891, Алматы қаласында – 7 531 адам тіркелген.

Мұнда әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды оқытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері курстарды аяқтағандардың 38,2 мыңы – жұмыссыз азаматтар. Оның ішінде 16-34 жас аралығындағы 10,2 мың жас бар.

Қазір Skills Enbek платформасында 636 онлайн курс ұсынылған. Оның 446-сын тегін оқуға болады. Курстардың ұзақтығы 2 сағаттан 80 сағатқа дейін созылады.

Платформада өз курстарынан бөлек, серіктес ұйымдардың, соның ішінде Fluent Education және «Яндекс Қазақстан» компанияларының оқу бағдарламалары да қолжетімді.

Пайдаланушылар арасында ең көп сұранысқа ие курстардың қатарында:

  • «Кассир» – 12 007 сертификат берілген;
  • «Қаржылық сауаттылық курсы» – 4 595 сертификат;
  • «Қозғалысы шектеулі адамдарды алып жүруге арналған жеке көмекшінің кәсіби курсы» – 2 765 сертификат;
  • «Әлеуметтік жұмысқа кіріспе» – 2 072 сертификат.

Skills Enbek жүйесінде инклюзивті білім беруді дамытуға да ерекше мән берілген. Есту қабілеті бұзылған адамдар үшін ымдау тілін және жасанды интеллектті пайдалана отырып, тігін негіздерін үйрететін арнайы курс әзірленді. Аталған курсқа 302 адам қатысып, 132 қатысушы оқуын сәтті аяқтады.

Сонымен қатар платформада VR технологияларын енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл технологиялар еңбек қауіпсіздігі бойынша практикалық дағдыларды қауіпсіз жағдайда меңгеруге, өндірістегі ықтимал қауіптермен танысуға және түрлі жұмыс жағдайларында дұрыс әрекет етуді үйренуге мүмкіндік береді.

Пилоттық жоба аясында Астана мен Шымкент қалаларының тұрғындары «Еңбекті қорғау» курсы бойынша VR-технологияларды пайдалана отырып, практикалық сабақтардан өтті. Оқу қорытындысы бойынша 242 адам практикалық тапсырмаларды сәтті орындап, сертификатқа ие болды.

Skills Enbek платформасына тіркелу және оқу мәселелері бойынша «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ға 8 (7172) 95 43 17 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале