17.10.2023, 9:00
Оқылды: 68

«Жыл үздігі» кімге бұйырады?..

Биыл облыстық қоғамдық даму басқармасы және «Болашақ» қауымдастығының қолдауымен өтетін «Жыл үздігі» байқауының жеңімпаздарына 150 000 теңгеден беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Салтанат Тұманбаева мәлімдеді.

– Үздік жастарды марапаттауға бағытталған биылғы байқау 11 аталым бойынша өтеді. Оның 10-ы – негізгі, 1-і – қосымша. Қосымша аталым – «Жыл жаңалығы» деп аталады. Қазылар алқасы осы аталымды иеленуге лайық үміткерді өзінің ерекше қасиеттерімен, айрықша қабілет қарымымен елді елең еткізген жастар арасынан таңдап алады. Алдағы уақытта бұл сыйлықты табыстау рәсімі екі жылда бір рет өтетін болады. Биыл 2022-2023 жылдары биік белестерді бағындырған жастарға сый-құрмет көрсетіледі. Іс-шараға 14-35 жас аралығындағы қыз-жігіттер қатыса алады. Құжаттар 15 қарашаға дейін қабылданады. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан аудан-ауылдарда тұратын үміткерлердің құжаттарын электронды нұсқада қабылдай аламыз. Қорытынды кешті желтоқсан айында «Атамекен» өнер ордасында өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Салтанат Асқарқызы.
Спикердің сөзіне сүйенсек, «Жыл үздігі – 2021» байқауының жеңімпаздары бұл жолы аталмыш үміткер бола алмайды екен. Қатысушылар ұсынылған үлгіге сәйкес сауалнама толтырып, өмірбаянын (1 беттен аспайтын), фотосуреттерін, диплом, алғысхат және қосымша білім беру бағдарламаларын игергені туралы құжаттарының, сертификаттарының көшірмелерін тапсырады. Мекеме басшылығы немесе қызмет саласы бойынша сарапшы атынан қолдаухат қоса берілуі шарт.

WhatsApp Image 2023-10-16 at 11.11.38
– Біздің облыста 187 000-ға жуық жас бар. Оның 104 мыңға жуығы Орал қаласында, 82 мыңнан астамы облыс аудандарында тұрады. Өңірімізде жастармен тығыз қарым-қатынас орнатуға бағытталған 14 ресурстық орталық, 51 жастар ұйымы жұмыс істейді. «Жыл үздігі» байқауы ең алғаш 2008 жылы өтті. Бүгінге дейін түрлі салада жетістікке жеткен, талантты, еңбекқор 150-ге тарта жас буын өкілі марапатталды, – деді облыстық қоғамдық даму басқармасы жастар ісі жөніндегі бөлімінің басшысы Мирфат Бисекенов.

Марлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале