Салтанат сарайында «Жыл үздігі – 2021» жастар премиясының жеңімпаздарын марапаттау кеші өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысып, жетістікке жеткен жастарды құттықтады.
- ХХІ ғасырдың жалынды да белсенді жастары бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Қазіргі кезеңде елге қызмет етіп отырған жас буын шығармашылыққа бейім, еркін ойлы, креативті әрі зиялы болғаны жөн. Аталған ізгі қасиеттер егемен елінің ертеңін, мерейлі мемлекетінің мүддесін ойлаған әр жастың бойынан табылуы қажет. Бұл – бүгінгі заманның талабы. Бүгін өзінің таңдаған саласында талмай еңбек етіп, жарқырап көрінген нағыз дүлдүлдер ортамызға келіп отыр. Осынау жарқын жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта да ұлт үшін жемісті қызмет істеп, белсенді азаматтық ұстаныммен ортақ мақсатты жүзеге асыруға үлес қосатындарыңызға сенімдімін. Батыс Қазақстанға қызмет ету – абыройлы міндет. Бүгінгі марапаттарыңыз сіздерге шабыт беріп, жаңа шыңдарға жетелейді деп ойлаймын. Жас буын қашан да ел назарында. Елге қызмет ету тек білімді ғана емес, намысты да талап етеді. Жас ұрпақтың ар-намысы жоғары болса, мемлекетіміздің мәртебесі биік болады, - деген облыс әкімі жылдың үздігі атанған бір топ дарынды да талантты жастарды марапаттады.
Жыл бойы еселі еңбек еткен әр саланың жас мамандары бұл күні ерекше құрметке бөленді. 2008 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқауды облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, БҚО «Болашақ» қауымдастығы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Бәсі биік байқауға 120-дан астам жастар өкілінен өтініш келіп түскен. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» танылған үздіктерді әр салаға сәйкес сарапшылар, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдерінен құрылған арнайы комиссия анықтаған.
Жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында оздырылған байқауда «Жыл үздігі» сыйлығы 12 аталым бойынша табысталды.
Атап айтсақ, Даниял Сәбитов «Үздік жас спортшы», Алтынбек Ермекқалиев «Үздік жас журналист», Маскадағы адам «Жыл жаңалығы», Дәурен Шамұратов «Үздік жас өнерпаз», Мағжан Смағұл «Үздік студент», Саясат Жарасов «Үздік оқушы», Ақниет Рашидова «Үздік волонтер», Аида Хасанова «Үздік жас ұстаз», Айсұлу Асқар «Үздік жас дәрігер», «Bilimdiler Dodasy» зияткерлік жобасы – «Үздік жоба», Асылан Орахаев «Қайсарлығы мен батылдығы үшін», Нұркен Маратұлы «Үздік жас кәсіпкер» аталымына ие болды.
Алтынбек Ысқақ,
zhaikpress.kz