6.09.2022, 11:30
Оқылды: 51

Жылу беру маусымына дайындығы төмен өңірлер аталды

Еліміздегі білім беру нысандарының 99 пайызы жылу беру маусымына дайын. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1

Фото дереккөзі: egemen.kz

«Алдағы 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына сапалы және уақытылы дайындалу мақсатында министрлік жұмыс жоспарын бекітті. Оған сәйкес облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің 100% дайындығын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, 2022 жылғы 15 қазанға дейін коммуналдық шаруашылықтың, әлеуметтік саланың, тұрғын үйлердің толық дайындығын және барлық автономды жылу көздерін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуі қажет. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, 11 157 білім беру объектісінің 11 075-і немесе жоспардың 99 пайызы жылу беру маусымына дайын», - деді Қ.Өскенбаев.

Оның айтуынша, білім беру нысандарының дайындығы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында төмен қарқын байқалып отыр. Аталған өңірлер әкімдіктері білім беру объектілерінің 100% дайындығын қамтамасыз етуде шұғыл шаралар қабылдауы қажет.

«Жалпы, биыл 5 674 денсаулық сақтау нысанын дайындау жоспарланып отыр. Оның ішінде бүгінде 5 566-сы немесе 98 пайызы дайын. Басқа өңірлермен салыстырғанда дайындықтың төмен деңгейі Нұр-Сұлтан қаласында (84%, 43-тен 36), Ақмола (91%, 551-ден 503) Атырау (92%, 144-тен 132) облыстарында байқалып отыр», - деді министр.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале