9.01.2025, 16:00
Оқылды: 32

Жылына 100-ден астам бала қант диабетіне шалдығады

Облыста  қант диабеті диагнозы бойынша  16482 науқас есепте тұр. Былтыр 1673 адамнан аталмыш сырқат алғаш анықталса, оның 153-і – бала. Балалар мен ересектерде қант диабеті дерті неге өршіді? Бұл сырқаттың алғашқы белгілері қандай? Алдын алу үшін не істеу керек? Қан құрамындағы қант мөлшері қанша болу керек? Осы сауалдардың жауабын сала мамандарынан білген едік. Ендеше, оқыңыз!

diabetes-1724617_640

Сурет: pixabay.com

Инсулинге тәуелді тағдырлар немесе көрсеткіш көңіл көншітпейді

Қант диабеті – инсулин синтезі мен қандағы қант мөлшерінің шамадан тыс жоғарылауынан туындайды. Бір қауіптісі сол, кейінгі жылдары балалар мен жасөспірімдер қант диабетіне жиі шалдыға бастаған. Ал балаларда көбіне (80%-ы) сырқаттың ауыр, яғни инсулинге тәуелді түрі кездеседі екен. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Абдрахманова айтты. Оның мәліметінше,  диабет дертіне шалдыққандар саны бойынша статистикалық мәліметте көңіл көншітпейді. Мәселен,  2022 жылы облыста аталмыш дерт бойынша 13847 адам диспансерлік есепке алынса, олардың 1690-ы алғаш анықталған. Алғаш тіркелгендердің 111-і – бала. Ал 2023 жылы 15190 науқас есепке алынса, оның 2137-сі алғаш тіркелген, 133-і – бала. Былтыр тоғыз айда (қаңтар-қыркүйек) қант диабеті диагнозы 1673 адамға қойылса, 153-і балалар мен жасөспірімдер екен. Өткен жылы жалпы 16482 науқас диспансерлік есепке алынған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген статистикалық мәліметке сүйенсек, кейінгі үш жылда 400-ге жуық бала қант диабетіне шалдыққан.

– Қант диабетінің негізгі белгілеріне адамның  жиі зәр шығаруы,  жиі шөлдеуі, ауыздың құрғауы, тәбеті  жақсы болса да салмағының төмендеуі, ұйқысыздық, созылмалы шаршау, жаралардың баяу жазылуы секілді белгілер жатады. Сондай-ақ бастың жиі айналуы, теріде пайда болатын әр түрлі дерматиттер, зәрден ацетонның иісі шығуы да – диабеттің алғашқы белгілерінің бірі. Балаларда кездесетін қант диабетінің алдын алу үшін жоғары сапалы таза суды пайдаланып, оларға  газдалған тәтті сусындар мен пластик ыдыстағы кола, фанта, спрайт, лимонад, шырындар мен жасанды сүт бермеу қажет. Газдалған сусындар қандағы қант деңгейін көтереді. Қaлыпты жaғдaйдa ересек адамның қан құрамындағы глюкoзaның мөлшері 3.3-6 ммoльғa дейін бoлaды. Oдaн жoғaры бoлсa, терaпевт дәрігер науқасты эндoкринoлoгқa жoлдaйды, –  деді Гүлнәр Мақсотқызы.

Қант диабеті тұқым қуалай  ма?

Облыстық көпбейінді аурухананың эндокринолог дәрігері Айдана Қайратқызының  айтуынша, қант диабеті – тағамды қорыту кезінде қанға түсетін қантты (глюкозаны) ағзамыздың жасушаларына сіңіру қиынға соғатын дерт. Қант (глюкоза) – дене жасушаларының негізгі энергия көзі. Инсулин – бұл табиғи гормон, ол қантты қаннан жасушаларға жеткізіп, оны энергияға айналдыру үшін қажет. Диабет инсулиннің асқазан асты безінен жеткілікті мөлшерде бөлінбеуі салдарынан басталады. Инсулинсіз ағза қант түйіршегін өңдей алмайды. Қант жасушаларға ене алмаған кезде, қанда тым көп мөлшерде глюкоза жиналады және ағза жасушалары оны энергия алу үшін пайдалана алмайды. Қан тамырлары бойына қант жинала береді. Содан адамның иммунитеті әлсірейді. Бүйрек ауруларына шалдығады. Көздің көруі төмендеп, қан тамырларында тромб түзіледі. Қант диабеті осылайша инфаркт, инсульт ауруларының өршуіне душар етеді.

Дәрігердің айтуынша, қант диабетінің үш түрі бар. І түрінде ұйқы безінің клеткалары инсулинді  мүлдем бөлмейді немесе жеткіліксіз бөледі. Бұл түрі аутоиммундық патология. Көбіне балалар мен жасөспірімдерде, жастарда кездеседі. Дерттің ІІ түріне шалдыққандарда  инсулин жеткілікті (инсулинге тәуелсіз) болуы мүм­кін, бірақ ол қажет түрде  ағзаға таралмайды. Диабеттің бұл түрі көбіне жасы 40-тан асқан науқастарда пайда болады. Десе де  кейінгі жылдары дерттің бұл түрі балаларда да жиі кездесуде. Қант диабетінің үшінші түрі – гестациялық деп аталады. Әйел адамдардың жүкті кезінде қан құрамындағы қанттың көтерілуі салдарынан болады.

  Қант диабеті – тұқым қуалайтын сырқаттың түрі. Сондай-ақ адамның өмір сүру салтына, тамақтану үрдісіне қатысты факторлар да дерттің меңдеуіне әсер етеді. Диабет диагнозы бойынша есепте тұрғандардың дені –  дерттің ІІ түріне шалдыққандар, яғни инсулинге тәуелсіздер. Бұл – тұрғындардың дұрыс тамақтанбауынан, физикалық қимыл-қозғалыстың жоқтығынан туындайды. Диабеттің І түріне шалдыққандардың дене салмағы азая берсе, ІІ түрінде семіздікке душар болады. Көздің көруі нашарлап, жиі шөлдей береді. Тұрғындардың диабет дертіне жиі шалдығуына байланысты әлеуметтік маңызы бар аурудың түріне енгізілді. Ем-дом тегін жүргізіледі. Қант диабетімен ауыратын науқастардың шамамен 40%-ы артери-ялық гипертонияға, жүректің ишемиялық ауруына, жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі сияқты кардиологиялық асқынуларға шалдығады. Кейде бұл керісінше болуы мүмкін: бастапқыда жүрек-қан тамырлары аурулары асқынып, содан кейін предиабет (қандағы қант мөлшері нормадан көп болуы) немесе 2-типті қант диабеті диагнозы қойылады. Артық салмақ, артериялық гипертония немесе липидтер алмасуының бұзылуы бар адамдар қауіпті топқа жатады. Сондықтан олар предиабетке тексеруден өтуі керек. 2-типті қант диабеті балалар мен жасөспірімдер арасында көбейіп жатыр. Дерт асқынса, инсульт, инфарктқа душар етеді. Аяқтарында жаралар пайда болып, жазылмай, ұлғая берсе және уақтылы ем қабылдамаса, аяқты кесуге тура келеді, - деді эндокринолог Айдана Қайратқызы.

«Бақсы-балгер  жағалаймын  деп,  аяғымнан  айырылдым»

Орал қаласының тұрғыны Рауан Өтеғалиев 2019 жылы қант диабетіне шалдыққан. Кіші дәретке баруы жиілеп, дене салмағы азая береді. Басы айналып, аяқ-қолының жансыздануы жиілейді. Содан дәрігерге қаралып, қан талдамаларын тапсырғанда, аталмыш диагноз нақтыланады.

–  Басында қант диабетіне шалдыққанымды естігенде мойындағым келмеді. Қабынуға қарсы, ауырсынуды басатын дәрілерді ішіп алғанда, тәуір болып кеткендей әсер алатынмын. Бірақ уақыт өте келе төсектен тұра алмай жатып қалатын болдым. Дәрігер тағайындаған  дәріні толық ішпей, халықтық медицинамен емделгім келді. Көрші-көлем, құрбы-құрдастардан жақсы емдейді-ау деген тәуіп, бақсы-балгерлердің нөмірін алып, бес-алтауына бардым. Олардың айтқан ем-домын жасап жүріп, бес ай уақытымды босқа өткізіп алдым. Аяққолыма әр түрлі жаралар шыға бастады. Емшілердің айтқанымен тұзды сумен, әр түрлі шөптің тұнбаларымен жуатынмын. Әсер етпеді. Содан дәрігерге қайтадан барып қаралдым. Аяғым іріңдеп кетіп, кеспесе ірің ағзаға таралатынын айтты. Осылайша амалсыз аяғымды кестіруге тура келді. Қазір дәрігерлердің айтқандарын мүлтіксіз орындап жүрмін. Қандағы глюко­заны тексеріп тұрамын. Жасым елуге таяды. Адам денсаулықтың қадірін ауырғанда, дерті жанына батқанда ғана ұғынады екен, – дейді ол.

Гүлайым Аманова есімді оралдық тұрғын да ауруды ерте кезде анықтап, бастапқы белгілері пайда болғанда дабыл қағып, асқынудың алдын алу қажеттігін айтады.

– Қант диабеті барын медициналық тексеру кезінде білдім. Бастапқыда белгілерін байқамадым. Жас кезімде жиі тәттілер, газдалған тәтті сусындар іштім, фастфудпен тамақтанатынмын. Кейінірек әлсіздік пен шөлдеу пайда болды, оған мән бермей жүрдім. Уақыт өте келе қант диабетіне шалдыққанымды білсем де, өмір сүру салтым өзгермеді. Соңғы бірнеше айда қант диабетінің асқынулары пайда болған кезде ғана емханаға барып, дәрігердің көмегіне жүгіндім. Дәрігер нұсқауын толық орындай бастадым. Ас мәзірін толық өзгертіп, таза ауада серуендеп, спортпен шұғылданып, салмақ тастадым. Қазіргі уақытта қант мөлшерім тұрақты нормадан аспайды. Қант мөлшерін үнемі бақылауда ұстау керек. Бастапқы белгілерін немесе тексеру кезінде білсеңіз, міндетті түрде дәрігер нұсқауын орындап қана қоймай, өмір салтын өзгерту маңызды. Емханадағы дәрігерлер барлық қажетті талдауларды өткізіп, дер кезінде көмек көрсетті. Ақ желеңді абзал жандарға алғысым шексіз, – дейді ол.

Балалардағы   қант  диабетінің алғашқы  белгілері  қандай?

Бұл туралы бізге облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эндокринологы Сабира Сүндетова былайша баяндады. Оның айтуынша, балаларда бұл аурудың асқынуға бейім түрі кездеседі. Яғни жасөспірімдерде көп жағдайда  қант  диабетінің 1-ші түрі кездеседі, ол инсулинге тәуелді, яғни  абсолютті инсулин тапшылығына негізделген. Балалардағы 1-типті қант диабеті  әдетте аутоим-мундық сипатқа ие.  Десе де ішінара 2-ші  типті қант диабеті де кездеседі. Эндокринолог маманның мәліметін­ше, бүлдіршіндегі қант диабетінің бірнеше клиникалық белгісі бар.

Біріншісі – полиурия, яғни зәр шығарудың жиілеуі, зәр мөлшері тәулігіне 3-4 литрге дейін артады. 8-10 литрге дейін жетуі, одан да көп болуы мүмкін. Бұл – ең жиі кездесетін белгі;

Екіншісі – өзін үнемі қарны аш сияқты сезіну,  дене салмағының азаюы, шамадан тыс ішіп-жеу (полифагия). Сондай-ақ аз уақытта көп салмақ тастау (2-3 айда 10 келіге дейін арықтау);

Үшіншісі – әлсіздік, шаршау, ұйқышылдық, тер­леу, жұмыс  қабілетінің төмендеуі;

Төртіншісі – бас ауруы, бас айналу, жүрек айну, құсу, тітіркену және ашуланшақтық, ұйқының  бұ­зылуы;

Бесіншісі – терінің және шырышты қабаттардың тұрақты және қарқынды қышуы, бет пен иектің  қызаруы секілді белгілері болады. Сонымен қатар түнде аяқ-қолдың ауыруы, балтыр бұлшық етінің жиі тартылуы, аяқ-қолдың жансыздануы және шаншуы белгілері болады.

– Балалар мен жасөспірімдерде диабет асқынған жағдайда олар гипергликемиялық  және гипогликемиялық комаға түсіп кетеді. Егер ата-ана қант диабетіне шалдыққан болса, балаларының да қан құрамындағы инсулинді тексеріп тұрғаны абзал. Өйткені оларда қант диабетіне шалдығу ықтималдылығы жоғары. Диабетке душар ететін тағы бір себеп – психологиялық күйзелісті жағдайларды жиі бастан өткеру. Қосымша фактор ретінде – балалардағы семіздік, қимыл-қозғалыстың аздығы, ұйқы режімінің бұзылуы,  уақтылы  дұрыс тамақтанбауы,  тез қорытылатын көмірсуларды көп пайдалану, фастфуд өнімдерін тұтыну қаралады. Осындай себептерден қан  құрамында қант көтерілсе, преддиабет жағдайы деп айтылады. Қант диабетінің І түрін емдеу жолы біреу-ақ – инсулин қабылдау. Қазір инсулиннің көптеген түрі бар. Инсулиндер ультра тез әсер ететін, қысқа мерзімді әсер ететін, ұзақ мерзімді әсер ететін және әсері кеңейтілген болып бірқатар түрге бөлінеді.  Олар тұрақты инъекциялар режімінде, помпалы инсулин терапиясы әдісімен немесе инсулин препараттарының тұрақты инфузиясы режімінде қолданыла береді. Бұл – толықтырушы терапия, яғни науқастар ағзада жетіспейтін инсулинді  сырттан алады. Қант диабетінің І түрінде науқастар ішкен тағамының көлеміне қарай инсулинді қажетті мөлшерде салады. Қандағы қант-ты қалыпқа келтірудің ең маңызды шарты – рационал тамақтану. Ең бастысы, дұрыс тамақтану жүйесі қандағы глюкозаның тамақтанғаннан кейін көтерілмеуіне мүмкіндік береді. Мұндай тамақтану барлық адам үшін пайдалы. Фастфуд өнімдерін пайдаланбай, майлы, тұзды, консервіленген тағам өнімдерін мөлшермен ғана тұтынған абзал.

Тез қорытылатын көмірсуларды азайтып, жемістер мен көкөністерді көбірек пайдалану қажет. Сондай-ақ кез келген инфекциялық және вирустық аурулардың алдын алып, стрестік жағдайлардан аулақ болу керек. Спортпен шұғылдану да маңызды, - деді эндокринолог Сабира Өмірғалиқызы.

Ата-аналарды   мазалайтын  сұрақтарға сала  мамандарының  жауабы

– Балалардағы артық салмақ қант диабетіне  душар ете ме?

– Балалардағы қант диабеті семіздіктен, артық салмақтан пайда  болмайды. Дегенмен жеткіншектерге қатысты шамадан тыс салмақ есейгенде қант диабетінің пайда болуына әсер етуші қауіпті фактор­лардың бірі болып табылады.

– Тәттілерді жиі жеу қант диабетіне әкеле ме?

– Қант диабетінің дамуы тәттілерді қабылдауға байланысты емес. Балалар тәтті, сондай-ақ тәтті нан өнімдерін жегеннен қант диабетіне шалдықпайды. Ал егер бала қант диабетіне шалдыққан болса, ол азық-түліктегі көмірсулардың мөлшерін (тіпті фруктоза түрінде) шектеу керек. Ересектер мен балалардың фруктозаға бай тағамдарды шамадан тыс тұтынуы көмірсулар алмасуының бұзылуына, одан әрі семіздікке әкелуі мүмкін.

– Балалар қант диабетінен құлантаза айыға ала ма?

– Біріншіден, науқасқа диагноз дұрыс қойылып, тиісті ем-дом жүр­гізілуі керек. Ауру жойылып кетпейді. Қант диабетімен өмір сүруге дағдылануға тура келеді. Қандағы глюкозаны бақылау, көмірсуларды қадағалау, физикалық белсенділікті жоспарлау және тағы да басқа іс-әрекеттер күнделікті іс-әрекетке айналуы шарт.

– Қант  диабетімен ауыратын балаларға  спортпен  айналысуға  бола ма?

–  Әрине, оларға спортпен айналысу қажет. Қант диабетімен ауыратын балаға бұлшық еттерді, сүйектерді және жүректі нығайту үшін жаттығулар қажет. Физикалық жаттығулар қандағы глюкоза деңгейін төмендетеді – бұлшық ет жасушаларының оны тұтынуын арттыру арқылы жасушалардың инсулинге сезімталдығы артады. Дегенмен қандағы глюкозаны бақылау да қажет: глюкоза деңгейі  өте төмен немесе өте жоғары болса, жаттығу жасай алмайсыз. Егер балаңызда  жоғарыда аталған белгілердің бірі барына күдіктенсеңіз, міндетті түрде балалар эндокринологына жолығыңыз.

Қант диабеті – науқастың басқа да ауруларын қоздырып, мүгедектікке душар етуі мүмкін дерт. Ауру асқынса, өлімге душар етеді.  Сондықтан дәрігерлер артық салмақ қоспауға, күн сайын спортпен айналысуға, дұрыс тамақтануға, қант пен тым майлы тағамдарды тұтынбауға, темекі шегуден бас тартуға шақырады. Ендеше, 100 жас жасағыңыз келсе, саулығыңызды күтіңіз!

Гүлсезім  Бияшева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале