Орал қаласының аумағынан арнайы жабдықталған бөлмеде тыйым салынған өсімдіктерді өсірген Ресей Федерациясының азаматы ұсталды.
– БҚО ПД есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 1985 жылы туған А.-ның мекенжайын тексерді. Тексеріс барысында үй жағдайында құрамында есірткі бар өсімдік өсіруге лайықталып жабдықталған зертхана табылды. Қылмыс орнынан қарасора сортына келетін 8 бұта мен арнайы құрылғы тәркіленді, – деді БҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры М.Аблазимов.
Осы дерекке сәйкес ҚР ҚК 300-бабының 1-бөлігі (құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заң-
сыз өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
26 түп қарасора тәркіленді
Ауласында қарасора өсірген Бәйтерек ауданының тұрғыны ұсталды. «Әуесқой бағбанға» қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері 1970 жылы туған азаматтың үй-жайына тінту жүргізді. Оның ауласынан ерекше иісі бар сұр-жасыл түсті 26 түп өсімдік табылып, тәркіленді. Сол жердегі шаруашылық сарайынан 4 қағаз түйіншек пен ерекше иісі бар қара-жасыл түсті құты табылды. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді. Аталған фактіге сай ҚР ҚК 300-бабының 1-бөлігі (құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz