3.06.2025, 15:45
Оқылды: 120

Зиянкестерді жою басталды

Биыл облыс  аумағында  шегіртке  және  сол  тектес  зиянкестерге  қарсы  химиялық  өңдеу  жұмыстары  328,8  мың  га  аумақта жүргізіледі  деген  болжам  бар.  Соның ішінде республикалық  бюджет  есебінен  үйірлі  шегірткелерге  қарсы  өңдеу  134,5  мың  гектар,  облыстық  бюджет  есебінен  саяқ  шегірткелерге  қарсы  өңдеу  жұмысы  192,3  мың  гектар  аумақта  жүргізіледі. 

istockphoto-478631250-2048x2048

Сурет: istockphoto.com

Бүгінде  облыстың  бірқатар  аудандарында  италиялық  шегірткенің  жаппай  жандануы  тіркелген.  Соған  байланысты  облыс  аумағында  италиялық  шегірткеге  қарсы  химиялық  өңдеу  басталды.  Сондай-ақ италиялық шегіртке  дернәсілдерінің  шығуы  кезеңіндегі  зерттеулер  жүргізілуде.  Қазіргі таңда 16,3 мың га  жер  өңделді. Ол жоспарлы  жұмыстың  12%-ын  құрайды. Апта  басында  облыс  әкімінің  орынбасары  Қалияр  Айтмұхамбетов  Бәйтерек  ауданына  арнайы  барып,  зиянкестерді    улау  жұмысының  барысымен  танысты.

Егін басында болған Қалияр Шадиярұлы өңдеу жұмыстары Бөкей ордасы, Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау және Теректі аудандарында жерүсті желдеткіш бүріккіштермен, аса жеңіл ұшақтармен  және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен, аэрозольді генераторлармен жүргізілетінін айтты. Бұл жұмысты «Зап-КазФумигация» ЖШС, «АЗОШ» ЖК  және «Агро-СЛА» ЖШС   жүргізуде.

– Бүгінгі таңда облыста және аудандарда шегірткеге қарсы штабтар құрылды. Мемлекеттік сатып алу рәсімі арқылы улау жұмыстарын жүргізетін бес мердігер анықталды. Олардың зиянкестерге қарсы жұмыс жүргізетін 40-қа  жуық техникасы бар. Негізі өңдеу жұмыстары мамырдың 21-і күні  басталды. Күн сайын өңделетін  жер аумағы кеңейе береді. Бұл жұмыстар арнайы штабтардың бақылауында болады. Сондай-ақ зиянкестерге қарсы жүргізілетін жұмыстарды ұйымдастыруға күш саламыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Өңірде саяқ шегірткелер де көбейе түсті. Ақжайық, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым аудандарында саяқ шегірткелер дернәсілдері пайда болған. Оның дернәсілдерінің қоныстану кезеңіндегі зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Өңдеуге қажетті техникалар дайын. Қажеттілікке қарай жұмысқа кіріседі. Саяқ шегірткелердің көзін жойып, оның егіске зиянын тигізбеуіне «ЗапКазФумигация» ЖШС, «Магтоксин» ЖШС жауапты.

Облыс бойынша шегірткеге қарсы штабтарға аудан және облыс әкімдерінің орынбасарлары төр-ағалық етеді. Зиянкестерді улауды жауапкершілігіне алған компаниялар аэрозольді генератор,  екі дельтаплан, арнайы улаушы дрон және желдетіп у шашатын арнайы құрылғылармен қамтамасыз етілген. Жалпы, облысымызда мамырдың 5-6-сы күндері шегіртке дернәсілдерінің жер бетіне шыға бастағаны анықталған. Осы айдың 19-20-сы күндері мамандар химиялық улау жұмыстарын бастап кеткен. Соның арқасында  жаз басталып, зиянкес қанат қаққанша  алты  аудан  аумағы  өңделді.

– Үйірлі шегірткеге қарсы 24, саяқ шегірткеге қарсы 16 техника шығарамыз. Биылғы химиялық  әдіспен улау жұмыстарын жүргізудің ерекшелігі осы міндетті  мойнына алған әр мердігер өздерінің препараттарымен келді. Бұл  біз үшін ыңғайлы. Осыған дейін техникаға бөлек, препараттарды  алуға бөлек мемлекеттік сатып алу  жұмысы жүргізілетін. Енді арнайы инспекторлар шегірткелердің жойылған, жойылмағанын тексере  алады. Жоба бойынша зиянкестердің 90-95%-ының көзі жойылады деген ойдамыз, – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі  агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің  облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ерлан Орынбаев.

Бәйтерек ауданына қарасты Янайкин, Көшім, Переметный, Зеленый, Макаров және Махамбет ауылдық округтерінде шегірткенің пайда болғаны анықталған. Әсіресе майлы дақылға шегірткенің кесірі тигенін мамандар растап отыр. Сол себепті аудан шаруалары мен ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары химиялық өңдеуді тез арада қолға  алды.

– Шаруаларға шегіртке көбейіп жатқаны жайында жадынамалар жіберілді. Мамандар шегіртке дернәсілдерінің өсуін қадағалап, лабораториялық зерттеу жүргізіп  жатыр. Жалпы, аудан бойынша  1200 гектар жер зерттелінді. Ол жерлер өңделеді. Сондай-ақ әлі 45 мың гектар жерге мониторинг  жүргізіледі, – деді «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек аудандық филиалының  басшысы  Әлібек Сақау.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале