Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқу жылының аяқталуына орай өткен салтанатты жиынға Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Светлана Темірғалиева, мектептің Қамқоршылық кеңесі өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған шаһар басшысы Нариман Төреғалиев мектеп ұжымын оқу жылының аяқталуымен құттықтап, Назарбаев Зияткерлік мектебінің өңірімізде орны ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ облысымыздағы білім беру саласында жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқталды.
- Облысымызда 11 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 3000 орындық 6 мектептің құрылысы жүруде. ҚР «Білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес жаңа білім беру бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл мектепті 4206 оқушы тәмамдағалы отыр, олардың 77%-ы Ұлттық бірыңғай тестке қатысуға ниетті. Түлектердің 254-і Алтын белгіге, 137-сі Үздік аттестатқа үміткер, - деген қала басшысы түлектердің емтихан сынағынан сүрінбей өтулерін тіледі. Жиналғандарды жазғы демалысты пайдалы әрі қызықты өткізіп, жаңа оқу жылына жақсы көңіл-күймен оралуға шақырды.
Нариман Төреғалиұлы осы оқу жылында мектептің «Үздік оқушысы» атанған республикалық және Президенттік олимпиадалардың жеңімпазы, 11-сынып оқушысы Рустам Әлімқұловқа арнайы сертификат пен сыйлықты табыстады.
Мектеп директоры Шолпан Қадырованың айтуынша, биыл мектеп оқушылары 2 халықаралық, 33 республикалық және 35 облыстық байқауларда топ жарған. Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату аясында жалпы орта білім беретін мектептер үшін 30-дан астам, пилоттық мектептер үшін 40-қа жуық іс-шаралар өткізген. Облыс басшысы Алтай Сейдірұлының ұсынысымен мектеп базасында «Жас директорлар клубы» құрылып, клуб жұмысының аясында облысымыздың 20 директоры бескүндік тағылымдамаға қатысыпты. «Қоғамға қызмет ету» жобасы барысында 80-нен астам қайырымдылық шарасы ұйымдастырылған. Жазғы демалыс кезінде мектептің 20 оқушысы Экспо-2017 халықаралық көрме барысында өтетін республикалық робототехника олимпиадасында бақ сынамақ. Ғалымдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде зияткер шәкірттер Экспо-2017 көрмесінде өз ғылыми жобаларын көрсетуге мүмкіндік алып отыр.
Салтанатты жиында «Жұлдызды даңқ жолына» биылғы оқу жылында үздік жетістіктерге қол жеткізген ұстаздар мен шәкірттер шақырылып, құрмет көрсетілді. Жиын қонақтар мен оқушылардың «Соңғы қоңырау» соғу рәсімімен аяқталды.
Ақмоншақ Жұмаева,
Орал қаласындағы НЗМ баспасөз хатшысы