3.10.2023, 10:45
Оқылды: 65

Зороастризм құпиясы

Зороастризм – біздің заманымызға дейінгі 2000 жыл бұрын пайда болған діни сенім. Деректер бойынша зерттеушілердің бірқатары заратуштралықты Иранда парсы жұрты қабылдаған, одан кейін шығысқа тараған десе, енді бірқатары Орта Азияда б.з.д. І мыңжылдықта салтанат құрған Бактрия мемлекетінде өркен жайып, батысқа тараған ілім деп қабылдайды. Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында өткен «Заратуштра ілімі және Орталық Азия: рухани-мәдени және тарихи сабақтастық» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда зороастризмнің мәдени ықпалы туралы тың деректер айтылды. Конференцияны Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті ұйымдастырды. Ғылыми мәжілісті тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұяқбай Рысбеков жүргізді.

0H1A9298

– Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті – еліміздің білім ке­ңістігінде бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын, 25 жылдық тарихы бар білім ордасы. Зороастризм ілімінің 2600 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысына сәттілік тілеймін. Конференция мақсаты – зороастризмнің Орта Азия елдері руханиятындағы мұрасының теориялық, практикалық және әдіснамалық мәселелерін зерделеу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз санғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі» деген еді. Біздің ойымызша, бүгінгі конференцияда мәдени кодымыздың өзегі, рухани ұстындар – заратуштра ілімі, тәңіршілдік, қаза­қы мұсылманшылық, далалық өркениет, қазіргі тарихнамалық мәселелер ғылыми талқыға түседі, – деді пленарлық отырыста сөз  алған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов. Одан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымы Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі және Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы ақпараттық орталығының басшысы Самек Властимилдің бейнеқұттықтауы көрсетілді.

0H1A9415

Конференцияда баяндама жасаған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты Философия орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов заратуштралықты Орта Азия халықтары мен ирандықтарға ортақ құнды феномен деп есептейді.

– Осыдан шамамен 2600 жылдай бұрын Орта Азия өңірінде Заратуштраның дүниеге келген жері – Еділ мен Жайықтың алқабы деген жорамал бар. Сондықтан осы аймақты діннің басталу нүктесі деуге болады. Одан кейін Иран (Персия), Ауғанстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Үндістан, Ирак, Таяу Шығыс елдері аумағына тараған. Қасиетті кітабының аты – «Авеста». Зороастризм бір-біріне қарама-қарсы тұрған – ізгілік пен қараулықты, жақсылық пен жамандықты, нұр мен түнекті бір-біріне текетірестіре қоя отырып, дүниедегі барлық үдерісті осы «мәңгілік екі бастаудың» күресімен байланыстырады. Тіпті ежелгі гректер дәріптеген диалектика ілімінің заңдылығы да, ежелгі қытайлықтар қабылдаған «ян мен инь» қатынастары да осыларға ұқсас дүниелер деуге келеді. Яки адамзат тарихы біртұтас заңдылыққа бағынған. Заратуштра ілімінде бір-біріне қарама-қарсы құндылықтар дүниенің негізін құрайды деген түсінік басымдық етеді. Сөйтіп, дүниедегі бір ғана Жаратушы және Жасампаз Ие – Ахура Маздаға сыйынуды уағыздайды. Бұл ұғым Ақырзаманға дейін маздап жанатын Қуат, Күш, Өріс деген түсініктерге жақын келеді, – деді Серік Нұрмұратов.

Ғалым шетелдік және отандық авестология зерттеушілері Заратуштра – ең көне діни және философиялық ілім деп пайымдайтынын айтты. «Авестада» баяндалатын тарихи оқиғалар Каспий мен Арал теңіздерінің маңында, Әмудария, Сырдария және Еділ өзендерінің бойында орын алған. ҚР Жоғары оқу орындары ассоциациясының президенті, экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов «Қазақстан – зороастризм отаны» тақырыбы бойынша баяндама жасады. Доктор «Еділ мен Жайық атырабында Заратуштра ілімі тарағанын» айтты.

– «Авестадағы» Заратуштраның сөздерінен нақты қорытынды жасауға болады. Тұранның батыс шекаралары Ранха өзенінің шығыс жағалауларына жетті. Танымал авестанушы Мэри Бойс: «Еділдің шығысындағы Азия даласында өмір сүрген» деп болжайды. Заратуштра Батыс Тұранда, Жайық пен Еділ өзендері бойында дүниеге келген. Осы кезде тұрандықтардың көші-қоны скиф мекеніне жетіп, олармен араласып кетті. В. Абаевтың қорытындысы бойынша Заратуштра скифтерден шыққан болуы мүмкін. Палеогенетиктер бұл аймақтарда R1a1a1b2 – Z93-94-Z2124-Z2125 гаплотобының тасымалдаушылары азиялық скифтердің өмір сүргенін растайды. Олардың барлығы тәңіршілдіктің салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, культтерін ұстанған, кең аумақтарда жергілікті ерекшеліктерге ие болған, – деді Рахман Алшанов.

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым Академия­сының академигі Серік Сейдуманов Тұран мен Иран аумақтарында пайда болған зо­роастризм дінінің түркі халықтарының танымына әсер еткенін айтты. «Отандық зерттеушілердің пікірінше, Авеста мәтінін санскрит және семит тілімен байланыстыру айтарлықтай нәтиже бермеген. Зороастризмнің көрнекті зерттеушісі С. Оспанов «Авестаның» аударылмаған бөліктерін, терминдерін, ұғымдарын көне түркі тілі тұрғысынан зерттеу әлдеқайда қисынды екенін айтқан. Заратуштра бастапқыда үгіт-насихатын сақ, яғни прототүркі тілінде таратқан болуы мүмкін. Сол кездегі Тұран мен Иран халықтарының ортақ әмбебап прототілі болуы ықтимал. Одан кейінгі дәуірлерде аймақтық түркі және парсы тілдерінің кейбір элементтері сақталған», – деді академик.

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, про­фессор Гаухар Барлыбаева аталған институттың жетекші ғылыми қызметкерлері, философия ғылымдарының кандидаттары Гүлнәр Қоянбаева мен Гүлнәр Омарова заратуш­тралық ілімнің тәңіршілдік пен түркілік танымға ұласатынын баяндады. Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр, PhD докторы Мұрат Қалменов қызғылықты деректер ұсынды. Ал тарих ғылымдарының кандидаты Жасқайрат Ерназаров исламға дейінгі әдет-ғұрып реликтілерінің генезисі, наным-сенімдерінің трансформациясы туралы айтты.

– Ең бірінші көзге түсетін айғақ – от культіне байланысты ырымдар, белгілер, наным-сенімдер мен салт-дәстүрлер. Отпен тазарту – зороастризм дінінің ең қызықты ерекшеліктерінің бірі. Бұл ілім бойынша оттың арқасында барлық жаратылыс тазарады және күнәдан арылады. Зороастриялық ғұрыптарда киелі от рухани тазалық пен өмірлік қуаттың маңызды символы. Бұл от көздері Ахура Мазда Құдайдың нұры ретінде қабылданып, ешқашан сөнбес жарық болып есептелінеді. Қасиетті отсыз ешбір зороастриялық рәсімдер мен дәстүрлер орындалмайды. От батасы – зороастризмдегідей тәңірлік дінінде де мәнге ие және өмір мен тазалықтың символы. Көбіне тәңіршілдік бойынша үйлену тойлары мен басқа да ерекше шаралар кезінде от жағылып, рәсімдер жасалады. Қазақтың отбасы ғұрыптарында оттың тазарту күшіне байланысты көптеген ғұрыптар отпен бесікті аластау, От-ана немесе Ұмайға ізеттілік көрсетіп, отбасы ошағын қастерлеу мақсатында босаға аттаған келіннің отқа май құюы секілді реликтік сәттер де аз емес. Мысалы, қыстаудан жайлауға көшер кезде, малды екі оттың арасына айдап, өздері соңынан еріп, бар пәле артта қалсын деп оттың тазарту күшін пайдаланған. Бала этнографиясынан да кейбір параллельді көреміз. Зороас­тризмдегі салт-жоралғы Афаринаган мен Навяз – баланың дүниеге келуі құрметіне аталып өтілетін салтанатты рәсімдер. Бала туғаннан  ке­йін ананы да, нәрестені де тазарту рәсімі 40 күнге созылады, – деді БҚИТУ профессоры Ж. Ерназаров. Конференция Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде ұйымдастырылған секциялық отырыстарға ұласты.

Нұртай Текебай,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале