Шекара шебіндегі Жәнібек ауданынан Волгоград қаласына аутокөлікпен баруға 3,5 сағат уақыт кетеді екен. Қазталов және Жәнібек ауданының әкімдері Нұрлан Бекқайыр мен Мұрат Мұқаевтың бастауымен делегация Ресейдің Волгоград (Сталинград) қаласына барып қайтты.
Сталинград шайқасына қатысқан жерлестеріміздің ұрпақтары Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай әкелері, ағалары қан төккен, жаудан қорғап қалған қалаға экскурсияға баруды сәуір айына жоспарлаған болатын. Екі аудан басшылығы алдын ала сол жердегі “Қазақстан мұрасы” қайырымдылық қорының төрағасы Айболат Ахметов және басқа да қоғамдық ұйымдармен кездесу ұйымдастырып, алдағы сапардың мән-жәйін талқылады. Сондай-ақ Волгоград қаласындағы МУК “Волгоградконцерттің” директоры Ирина Кирпиченковамен кездесу барысында олардың наурыз айында концерттік бағдарламамен Жәнібек, Қазталов аудандарына Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында өтетін шараларға қатысуы талқыланды.
Қазақстандық делегацияны қарсы алған «Қазақстан мұрасы» қайырымдылық қорының төрағасы Айболат Ахметов соғыстың ізі қалған тарихи орындарды аралатып таныстырды. Мамай қорғаны, «Сталинград шайқасы» музей-панорамасы, «Мельница», «Павловтың үйін», тағы басқа да тарихи орындарды көріп, ұмытылмас әсер алдық. «Мамай қорғанының» етегінде Нүркен Әбдіровтің бейнелі зиратына барып, тағзым еттік. Сондай-ақ «Павловтың үйін» қорғаған кішкене гарнизонның ерлігі біздің елде, кеңес жауынгерлерінің арасында қалыптасқан халықтар достығының тамаша үлгісін бейнелейді екен. Мысалы, басқа ұлттармен қатар қорғаушылардың ішінде қазақ Толыбай Мырзаев та болған. «Сталинград шайқасы» музей-панорамада қазақстандық жауынгерлердің тізімі мен суреттері бейнеленгені бізді мақтаныш сезімге бөледі. Халқымыздың ерлігі мен мейірбандығына риза болған волгоградтықтар өз қаласының бір көшесін Қазақ көшесі деп атағанын естігенде, бір марқайып қалдық.
Іссапар барысында тарихи орындармен танысудан басқа сол жерді мекен еткен бауырларымыздың тұрмысына да қанықтық. Қазіргі күнде көрші облыста 66 мыңға жуық қазақ тұратын көрінеді. Олармен кездесіп жүздескенде, бауырларымыз салт-дәстүрімізді сақтауға ынталы екенін байқадық. Мысалы, дүниеге келген сәбилерінің есімдерін орысша атамай, қазақша есімдер беруде. Бұрын Ольга, Таня, Владимир, тағы басқалар болса, енді Аружан, Айгүл, Бауыржан есімді бауырлар көбейіп келеді.
Бұл облыста қазақтардың басын қосқан 3 қоғамдастық бар екен. Соның ішінде Айболат Ахметов басқаратын “Қазақстан мұрасы” қайырымдылық қоғамы іргелі істер атқаруда. Біздің делегация кездесуде елдің атынан ескерткіш сыйлықтар мен қазақтың ұлттық тағамын тарту етті.
Волгоград сапары кешегі сұрапыл соғыста шейіт кеткен боздақтарымызға жасалған бір тағзым деп білеміз.