12.02.2015, 6:10
Оқылды: 58

Галокамера КҮЙЗЕЛІСТЕН АРЫЛТАДЫ


 Аудандық ауруханадағы сауықтыру орталығы жанынан галокамера, яғни  тұзды шахтамен емдеу бөлме-сі іске қосылды.


Онда тыныс алу жолдары мен  қан айналымы реттеліп, ағзадағы шлактар шығарылады, сөйтіп, зат алмасу процесі жақсарады. Сонымен бірге галокамералар тері ауруларын да емдейді. Ол тері жасушаларына қанның келуін қамтамасыз етіп, оттегі алмасуын реттейді. Қолдан жасалған тұзды үңгір атмосферасы күнделікті күйбең тірлікті ұмыттырып, рухтандырады. Мұндағы жасырын лампа жарықтары, қызықты дизайн, ыңғайлы кресло және тұзды аэрозольды микроклимат адамды тыныштандырып, күйзеліс пен стрестен арылтады.


Галокешеннен ем қабылдаған кезде адам жағымсыз әсерден арылады (аллерген, поллютант және т.б). Ем уақытында вегетативтік жүйке жүйесі тұрақтанып, қанағаттанарлық психо-эмоционалды күй қалыптасады. Галотерапия қалпына келтіру еміне ауыр дәрежедегі бронх демікпесі мен қабынуы, аллергия, ЛОР-патологиясы, ЖРВИ, тері аурулары, тыныс аурулары, операциядан кейінгі оңалту және өкпені, теріні сауықтыру жатады.

– Сеанс кезінде ем қабылдаушы иіссіз және көзді тітіркендірмейтін аэрозоль атмосферасында болады. Тұзды аэрозоль екі жақты ықпал етеді: пайдалы компоненттер ағзаға өкпе мен тері арқылы енеді. Олар зат алмасу процесі мен ағзаның жалпы қорғаныс қабілетін жақсартады. Иммунитет жүйесіне, жүрек ауруына, тері қабаттары мен жүйкеге оң әсер береді. Ем алу мерзімі - 10-15 күн.  Балаларға  – 30, ересектерге 40 минут аралығында сеанс жүргізіледі, - дейді сауықтыру орталығының медбикесі Ағила Ғаббасова.

Тұзды шахта бөлмесі Хан ордасы ауылынан арнайы әкелінген шыршамен безендірілген.  Ем кезінде жанға жағымды  табиғат дыбыстары естіліп,  адам ғаламат тыныштану сезімін бастан кешеді.  Аурудың алдын алу үшін емді жылына 2 рет қабылдаған дұрыс деп санайды мамандар.


 

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале