7.03.2015, 17:40
Оқылды: 91

Жұртқа жаққан “Жанар”

2804


Бүгінгі таңда жаңақалалықтарды ас атасы – нанмен қамтамасыз ететін үш наубайхана бар. Солардың ішіндегі ең ірісі – «Жанар» наубайханасы.


Халық арасында сапалы әрі тиімді бағамен ұсынылатын аталмыш наубайхананың нан өнімдеріне деген сұраныс жоғары. 24 сағат бойы тоқтаусыз өнім шығарады. Қожайындары Ғабит пен Гүлбарша Қабдоловтар Қырқопа ауылынан аудан орталығына алты жыл бұрын қоныс аударды. Ауданда тұрақты жұмыс жасап жатқан наубайхананың жоқтығын көріп, өз қаржыларына шағын наубайхана ашты. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» демекші, ашылғанына жылға жуықтаған наубайхананың жұмысы алға басуда. Күніне 900 дана нан, 100-ге жуық түрлі пирогтар, тәтті торттар пісіріп, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып отыр. Өнімі аудандық орталықтандырылған ауруханаға, мектеп салып жатқан құрылысшыларға және аудан-дағы 30 дүкенге, одан бөлек бірнеше ауылдық округтің дүкендеріне таратылады. Тоғыз адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.

Кәсібі өрге басқан кәсіпкердің алға қойған мақсаты да айқын. Наубайхананың тарлығын ескеріп, болашақта кәсібін кеңейтіп, одан әрі дөңгеленте түскісі келеді.

– Наубайхананың іші тар. Қызметкерлерімнің демалатын, тіпті отыратын орны жоқ. Үш мезгіл тамақтарын үйден беремін. Бір жыл бұрын үлкен жер сатып алған едім. Енді құрылысты бастап, оған бүгінгі заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтарды алуға қаржы жоқ. Ал үлкен көлемде несие алайын десем, облыс орталығындағы банктер несие бермейді. Болашақта осы мәселе шешімін тапса, үлкен наубайхана ашқым келеді. Сол кезде ауыл тұрғындарына көбірек жұмыс та табылар еді. Ауылда жұмыс істеймін деген адамға жұмыс бар. Елбасымыз айтқандай, жұмыс жоқ деп қол қусыру – еріншектердің ісі. Бай боламын, табысқа жетемін десеңіз, белгілі бір кәсіптің қожайыны болу керек, – дейді кәсіпкер.


Гүлжанат ТАЛҒАРҚЫЗЫ,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале