«Достық» саябағында КСРО спорт шебері, Қазақстан Респуликасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазталов ауданының «Құрметті азаматы» Марат Елеусіновтың жүлдесіне арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі IV-ші Республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Нұретдин Құтхожин, - Жарысқа қатысушы барлық спортшылар Қазталов еліне қош келдіңіздер! Жерлесіміз Марат Елеусіновтың жүлдесіне арналған турнирге қатысып жатқандарыңызға аудан әкімшілігі атынан ризашылығымды жеткіземін. Сіздерге алдағы өтетін жарыста әділ төрелік, шынайы жеңіс тілеймін, -деді.
Сондай-ақ Марат Елеусіновтың шәкірті Е.Бегжанов (Ақтөбе облысы), Кеңес Одағының спорт шебері Т.Ғаббасов (Александров-Гай ауданы) Марат Елеусіновтың жүлдесіне арналған Республикалық турнирді ұйымдастырып жатырған аудан әкімшілігіне және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру, спорт бөліміне ризашылықтарын жеткізіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Марат ағамыз бұл турнирге қатыса алмаса да, веб-желі арқылы ыстық лебізін жолдады.
Төрт күнге созылған бұл байрақты бәсекеге көрші Ресейдің Саратов облысы Александров-Гай ауданы, Орал қаласы, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан және Қазталов ауданының 140 –қа жуық былғары қолғап шеберлері қатысты.
Александров-Гай ауданының спорт мектебінің директоры, бокстан I дәрежедегі төреші Ербол Бажеков - Қазақстанға, соның ішінде Қазталов ауданына келгеніме өте қуаныштымын. Қазталов аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтаймын.
Осындай елді басқарып, көркейтіп отырған аудан әкімі Нұрлан Мағазұлына шексіз ризашылығымды білдіремін. Астана күнін аудан тұрғындары тамаша көңіл-күймен қарсы алуда. Сіздердің отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілей отырып, аудандарыңыз әрқашан жасарып, жаңара берсін! Марат Елеусіновтың жүлдесіне арналған турнирде біздің де боксшыларымыз бақтарын сынап, жарысқа қатысуда. Сіздерге тек жеңісті күндер тілейміз, -деді.
Дәурен мен Даниярдай мықты боксшыларды тәрбиелеп, жаттықтырған Марат Елеусіновтың құрметіне өткізілген бұл турнирде тек мықтылар ғана жүлделі орындарды сарапқа салды.
Нәтижесінде 2006-2007 жылғы жасөспірімдер арасында 26 келі салмақта Ә.Набиев (Орал), 28 келі салмақта Б.Қабдолла (Қайыңды), 32 келі салмақта Т.Сатаев (Зеленов), 2004-2005 жылғы жасөспірімдер арасында 30 келі салмақта Т.Темірғалиев (Ақтөбе), 32 келі салмақта Б.Қабдолла (Қайыңды), 34 келі салмақта А.Хасанов (Қазталов), 38 келі салмақта Б.Қабдолла (Қайыңды), 50 келі салмақта А.Жалмұханбет (Ақтөбе), 2002-2003 жылғы жасөспірімдер арасында 30 келі салмақта М.Қайырбай (Маңғыстау), 32 келі салмақта С.Марксов (Қазталов), 36 келі Ә.Мұрат (Ақжайық), 40 келі салмақта М.Ораш (Орал), 42 келі салмақта А.Нәсіпқалиев (Қайыңды), 50 келі салмақта Ә.Балтабаев (Орал), 2000-2001 жылғы жасөспірімдер арасында 42 келі салмақта А.Жұматаев (Қайыңды), 44 келі салмақта Т.Қалиев (Қазталов), 52 келі салмақта Н.Ақбала (Ақжайық), 57 келі салмақта Б.Амангелді (Қайыңды), 52 келі салмақта Д.Шарипов (Қайыңды), 56 келі салмақта Н.Здан (Ақтөбе), 60 келі салмақта Н.Бақтығалиев (Қайыңды) 1 орынды иеленіп, алғыс хаттар мен гүл шоқтары табысталды.
Даниярдай ағаларының жолын қуған осындай жас боксшылардың жігерін көріп, олардың бүгінгі жеткен жетістіктері алдағы өтетін олимпиада кезінде жерлесіміз Данияр Елеусіновтың жеңіс тұғырынан көтерілуіне демеу болады деп сенеміз.
Жұлдыз АСҚАР
Қазталов ауданы