Шілде айы- шөп шабатын кезең. Шаруалар «қыстың қамын, жазда ойлап», мал азығын жинақтап алуды көздейді.
Ауданымыз бойынша бұл жұмыстар өте қарқынды жүзеге асуда. Биыл былтырғыдай жағдай орын алмайтыны белгілі, себебі жауын-шашынның түсуі жақсы болды. Аудан басшылығы бірде-бір ауылдың жем-шөпсіз қалмауын, табиғи шөптің бағасы қарапайым тұрғындар үшін шекті бағадан аспауын қадағалап отыр.
Мысалы, Аңқаты селолық округі бойынша 26442 га жердегі шөп шабылады деген жоспар бар. Селолық округ әкімдігінің бас маманы Е.Молдахметовтың айтуынша, жоспарды толық орындау нақты көзделген екен. Бүгінгі таңда аталмыш аумақтардан 4900 центнер жем-шөп жинақталған көрінеді. Округтегі «Айсұлу» шаруа қожалығы(суретте) қазіргі уақытта 1283 центнер табиғи шөп жинаған. М.Зайнуллин басқаратын қожалық 3 Камаз және 6 орақты жүргізу арқылы әлі де жұмыстарын жандандырамыз деп отыр.
Жерді тиімді иегеріп, еңбектерінің жемісін көріп отырған аудандағы қожалақтар бір сәт дамылдауды білмейді. Күннің ыстығына мән берместен қаһарлы қысқа тас-түйін дайын болу үшін жұмыстанып жатыр. Күннің ыстығы демекші, осы орайда өрттің орын алмауын да назарда ұстаған абзал. Білектерін сыбанып алып, шаршауды ұмытқан шаруалардың қас жауы осы тілсіз жау екендігі ақиқат. Ендеше, науқанның қызған шағында шығын болмасын дейік.
Әділет ОРЫНБАСАРОВ