Бірнеше күннен соң әлем назарын өзіне аударатын спорттық жарыс олимпиада ойындары басталады. Бұған дейін 5 жазғы олимпиядаға қатысқан еліміз ешқайсынан жүлдесіз қайтқан емес.
Сол ойындардағы жетістіктерімізге еске түсіріп көрейік. Тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет жазғы ойындарға 1996 жылы қатысқанбыз. Америка жерінде 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль иеленген спортшыларымыз жалпы командалық есепте 24 орыннан көрінді. Ол кезде алтын медальдарды бессайысшы Александр Парыгин, грек-рим күрсесінің шебері Юрий Мельниченко мен боксшы Василий Жиров иеленген болатын. Айта кетейік, Балхаштың барысы Василий Жиров олимпиада ойындарының Вэл Баркер кубогын сол жылы қанжығасына байлады.
Одан кейін Сиднейде өткен ойындар қорытындысында 3 алтын, 4 күміс еншілеп, командалық есепте 22-ші орынға көтерілдік.
Ал 2000 жылы өткен ойындар елімізді әлемдегі бокс державасы ретінде танытқан еді. Бірден 4 боксшымыз финалға шығып, олардың екеуі алтын алғанда қуанбаған қазақ болмады десек, артық болмас. Оған дейін де одан кейін де боксшыларымыз Австралиядағы жетістігін қайталап көрмеді.
Австралия төрінде алтынды Ольга Шишигина, Бекзат Саттарханов пен Атлантадағы қоласын алтынға айырбастаған Ермахан Ыбраимов мойындарына тақты. Жасыл құрлық ойындарына аттанар алдында Елбасының қолынан көк туды алып тұрып, міндетті түрде алтын медальмен ораламын деген уәдесін орындаған Ермахан ағамыздың ерлігі әр қазақтың есінде.
Сиднейден соң Грекия астанасы Афиныда өткен ойындарда медаль санын көбейткен спортшыларымыз алтын алуға асықпады. Ол жылы асыға күткен алтымызды ойындардың соңғы күні боксшымыз Бахтияр Артаев алып берді. Онымен қоса, Вэл Баркер кубогын тағы да біздің боксшы еншіледі. Афины ойындарында 1 алтын, 4 күміс, 3 қоламен жалпы есепте 40-шы орыннан бір-ақ шықтық.
Кейін олимпиада алауын шығыстағы көргшіміз тұтатты. Бейжің ойындарында 2 алтын, 4 күміс, 7 қола еншілеп, 29 орынға табан тіредік. Осы ойындарда еліміздің ауыр атлеттері өздерін жақсы қырынан танытты. Бұл үлкен жетістіктің басы ғана болатын. Бейжің төрінде әнұранымызды Илья Ильин мен Бақыт Сәрсекбаев шырқатты. Бұл ойындар қазақ есінде тағы бір жайтпен қалады. Ол бірден екі қазақ баласының мінберде тұруы бірі Қытай намысын қорғаған Қанат Ислам болса, бірі біздің Бақыт.
Одан соң Лондонға аттанған спортшыларымыз 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль иеленіп, жылпы командалық есепте 12-ші орынға тұрақтады. Ойындардың алғашқы күнінен-ақ алтын медальдарды қанжығасына баса бастаған қазақ елінің спортшылары әлем назарын өздеріне аударды. Александр Винокуров, Ольга Рыпакова, Илья Ильин, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедова мен Серік Сәпиев сияқты спортшыларымыздың жеңіс тұғырынан қол бұлғаған сәттерін жанкүйер қауым әлі ұмыта қоймады.
Араға 8 жыл салып, Серік Сәпиев Вэл Баркер кубогін қазақ еліне тағы әкелді. Әзірге Лондон ойындары еліміз үшін ең нәтижелі олимпияда болып тұр.
Енді Риода осы жетістігімізді қайталай аламыз ба? Еліміздің атынан аттанған 105 спортшымыздың қайсысы қуантуы мүмкін? Әрине басты үміт боксшыларымызда. Алғаш рет толық құрамда аттанған былғары қолғап шеберлеріміздің ішінде Біржан Жақыпов сияқты тәжірибесі толысқан шеберлер мен ересектер сынына жаңа қосылған Абылайхан Жүсіпов сияқты жас таланттар да бар.
Бабы келіскен әр боксшымыз олимпиада жүлдесіне таласа алады. Ал негізгі үміт аса ауыр салмақтағы Иван Дычко, 69 келідегі Данияр Елеусінов пен 81 келіде шаршы алаңға шығатын Әділбек Ниязымбетовке артылады.
Бұдан бөлек бүкіләлемдік бокс сериясында қарсылас шыдатпаған Василий Левит пен әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына да сенім артсақ болады. Сондай-ақ грек-рим күресінен әлем біріншіліктерінде қола алудың шебері Нұрмұхан Тінәлиев пен еркін күресте өзін көрсете білген Дәулет Шабанбай да алысқа баруы мүмкін. Алмас Кебісбаев пен Досжан Қартықов, Гюзель Манюрова мен жерлесіміз Екатерина Ларионова сияқты палуандарымыз бен жүзуден Азия ойындарының чемпионы Дмитрий Баландин де жеңілу үшін бара жатырмағаны анық.
Жеңіл атлетикаға келер болсақ, үмітті Ольга Рыпаковаға артамыз. Дзюдо күресінде Максим Раков пен Елдос Сметов те барын салатын болады.
Ия, осыдан бірнеше ай бұрын тек қазақ елінің ғана емес, әлем жанкүйерлері бас қатырған Илья Ильин үш дүркін олимпияда чемпионы бола ала ма? деген сұрақтың жауабы табылды. Ол жауап қазақ жанкүйерлерін қуантпағаны анық. Бірақ Александр Зайчиков Хьюстондағы ерлігін қайталап қалар деп үміттенеміз. Жазира Жапарқұл мен Нижад Рахимов және Маргарита Елисеевадан да жанкүйерлер жақсы нәтиже күтеді.
Ал өңірімізден олимпиядаға кімдер барады? Деген сұрақ тууы мүмкін. Оның да жауабы бар. Биыл облысымыздан 5 спортшы Пеленің отанына барады. Олар байдарка және каноэ есушілер Андрей Ергучев пен Алексей Дергунов, спорттық жүрісте бақ сынайтын ерлі зайыпты Григорий Шейко мен Полина Репина, әйелдер күресінде бақ сынайтын Екатерина Ларионова.
Бұл бестіктің ішінде жүлдеге Екатерина ғана таласуы мүмкін дейді мамандар. Бірақ басқалары да турист емес. Бұған дейінгі ойындарда облыс спортшылары арасында еркін күрес шебері Теймураз Тегиев 2008 жылы күміс медаль алып берсе, 2012 жылы тағы бір палуанымыз Даниял Гаджиев қола еншіледі. Облысымызға алтын ғана жетпей тұр. Ол да болып қалар.
Баласы атқа шапса, үйде отырып тақым қысатын халықпыз ғой. Ел намысын арқалап, мұхит асқан спортшыларымызға қолдау көрсетейік, ағайын!
Түгелбай Бисен
Зеленов ауданы
www.zhaikpress.kz