«Нұр Отан» партиясы Ақжайық аудандық филиалына Ақжол ауылдық округіне қарасты Битілеу ауылынан Бибігүл Сатыбалдиева көмек сұрап келді. Өтініш иесі ең біріншіден ауылдастарының аманатын арқалап келгенін айтты.
Чапаев – Жаңақала бағытында, яғни, аудан орталығынан 45 километр жерде орналасқан Битілеудің тұрғындары 10 литр ауыз суды 20 теңгеден сатып алып келген. Елдімекенде жарықтың жиі сөніп қалатыны да тұрғындардың көптен бері мазалап келе жатыр. Осы жайттарды әңгімелеген өтініш иесі шаруа қожалығын құру мақсатында жер ала алмай жүргенін де жеткізді.
Ақжайық ауданы әкімінің міндетін атқарушы Асқар Әбуғалиевтың партия филиалындағы қабылдауына тұспа-тұс келген Бибігүл Шаймарданқызы жеткізген жайттарды егжей-тегжейлі анықтау мақсатында тиісті ұйымдар жетекшілері шақырылды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автожол және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы С.Ашабаев, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Мақашев, «Жайықтехсервис» МКК директоры Ә.Досмақов, аудандық электр тораптары желісінің басшысы С.Скитович, «Қазсушар» РМК аудандық бөлімшесінің басшысы Т.Байсеновтың қатысуымен өтініш толық талқыланды.
Осының нәтижесінде ауызсудың бағасы 20 теңгеден 15 теңгеге дейін төмендетілді. Сондай-ақ тозығы жеткен трансформатор күн ұзамай жөнделетін болды. Өтініш иесі көтерген жер мәселесі де заң талаптарына сай өз шешімін таппақ, Ақжол ауылдық округіндегі босалқы алқаптардан телім қарастырылады.
Партияның көмегіне сүйенген Б.Сатыбалдиева өз көтерген мәселелердің осылай жедел шешімын табатынына қуанышын жасырмай, алғысын айтты. Ол өтініштерінің оңынан шешілуі үшін ұйымдармен алдын ала байланысып, жағдайды толық зерттеуге атсалысқан партияның аудандық филиалы консультанттары Біржан Кухаев пен Дана Алхамбетоваға да аналық тілегін арнады.
Бекем БЕКҰЛЫ
Ақжайық ауданы
www.zhaikpress.kz