«Құлпытастарда өнер тарихын зерттейтін ғалымдарға да, әлеуметтанушыларға да қызықты мәлімет көп» деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Муминов Оралда өткен «Қазақстанның араб жазуындағы эпиграфикасын зерттеудің өзекті мәселелері» атты ғылыми семинарда.
-Ислам діні пайда болғаннан кейінгі ең көнесінен бастап бері қарайғы ескерткіштерді ғалымдар зерттеп келді. Араб жазулы ескерткіштер көп аймақ Иран деп есептелді. Бірақ кейінгі кезде Орта Азияда аз еместігі белгілі болды. Көне ескерткіштер жайлы 18 томды парақтап шыққанымызда, оған тек Ферғанадан 5-6 ескерткіш кірген екен. Біз білетін Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстаннан табылған ескерткіштер аз болған екен. Біздің аймақтың әлемдік жинаққа енбеуі кеңес кезіндегі жабық саясатқа байланысты. Бұл мәселе Француз институтында көтерілді. Онда Қазақстандағы эпиграфиялық ескерткіштерден әлем ғылымының хабары жоқтығы айтылды. Яғни бұл аймақтағы ислам өркениеті толық зерттелмеген. Батыс Қазақстан облысының өзінде 50-60 мың эпиграфиялық ескерткіш бар екені қазір мәлім болып жатыр. Тың деректер молынан. Барлық ғалымдар ат салысуы қажет.
Батыс Қазақстанда жергілікті ғалымдардың, белсенді азаматтардың жақсы әрекетін көріп отырмын. Үлкен қызығушылық, жанкүйерлік бары қуантады. Жыл өткен сайын бұл бағыттағы жұмыстардың сапасы артып келеді. Сондықтан осы іске араласып жүрген батысқазақстандықтарға алғыс айтамын, -дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университеті дінтану кафедрасының меңгерушісі Әшірбек Муминов.
Ғалымның айтуынша, бұрын Малбағар Медіғұлов, Серік Әжіғалиев сынды ғалымдар көне ескерткіштерді зерттегенмен, ондағы жазуды терең қаузамаған. Бірақ сол зерттеулер болашақ ізденістерге негіз болады.
-«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша біраз жұмыс жасалды. Маңғыстау облысында өңірлік бағдарлама бойынша екі кешен жазулары зерттелді. «Шақпақ ата», «Сисен ата» деген 2 том еңбек жарық көрді. Бұл жобаның келешегі үлкен, ауқымы кең. «Даналар сөзі» сериясымен 100 том шықса, эпиграфиялық ескерткіштер бойынша одан да көп еңбек жинақталуы мүмкін. Себебі іс жүзінде 1 том жинақта 300 шақты ғана ескерткішті қамтуға болатыны белгілі болды. Егер үш тілге аударып, суреттерімен беріп, әлемдік ғылыми стандартпен шығарса, 300 ескерткіш бір кітапқа сыйып тұр. Бұл өңір не университет аясындағы жұмыстар емес, ел үшін, әлем ғылымына үлес боларлық дүние,-деді ғалым.
Араб жазулы эпиграфиялық ескерткіштердің тарихына тоқталған ғалым: «Орта Азиялық құлпытастардың тарихы терең. Мысалы, Самарқандтан табылған Х ғасырға жататын құлпытастардың материалы – күйдірілген кірпіш. Ал Қараханидтер кезеңінде (ХІ-ХІҮ ғ) қайрақтастар қолданылған. Қараханид кезеңінде Х ғасырда өмір сүрген ғұламалардың құлпытасы қайрақтастармен жаңартылған. Мұның қайтыс болған адамға құрмет қана емес, идеологиялық себебі де болды. Қазақ құлпытастарының да осындай мәні бар. Сол себепті ескерткіштерді зерттегенде барлық жағына мән берілу керек: кімге қойылды, не жазылды, қандай материал қолданылды, шеберлер кімдер? Құлпытастарда өнер тарихын зерттейтін ғалымдарға да, әлеуметтанушыларға да қызық мәлімет көп. Бір сөзбен айтқанда, эпиграфиялық ескерткіштер – тың деректер қоры. Сондықтан оны зерттеушілерге қойылатын талап үлкен, әлем ғылымы алдындағы жауапкершілік мол»,-деді.
Нұрлыбек РАХМАНОВ
www.zhaikpress.kz