«Өрлеу» жобасының жемісін көрушілер қатары Ақжайық ауданында көбейді. Бұл жоба аз қамтылған отбасыларды тұрақты, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтып қана қоймай, жеке кәсіп ашуға, қосалқы шаруашылығына мал алуға септігін тигізеді.
Айталық, биылғы I жартыжылдықта Көнеккеткенде екі отбасы құжаттарын өткізіп, шартты ақшалай көмек алып, тірліктерін орындауда. Аталмыш ауылдық округі әкімі Ұлдаш Қадырғалиеваның қолдауымен жас шаштараздық мамандығы бар, жанұяның отанасы Әсел Бисенғалиеваға бөлме табылып, ол 206 658 теңге көлемінде шартты ақшалай көмек кәсібіне кірісті. Ал оның жұбайы Бауыржан Шманов тиісті алты ай қоғамдық жұмыс – көріктендіруде еңбек етті.
Сондай-ақ, «Өрлеу» жобасына жас отбасының отағасы Ақжайық Ақмұқанов, 120 978 теңге көлеміндегі көмекпен қатысуда. Ол Көнеккеткендегі «Аңсар» шаруа қожалығына механизатор болып тұрақты жұмысқа орналасты. Жанұясы 4 қой, 1 бас ірі қара алды.
Ал Құрайлысай ауылдық округінен көпбалалы жанұяның отанасы Гүлжанат Тайманова 266 496 теңгеге 7 қой-ешкі, 1 бас ірі қара мал алды. Бұл - мектеп жасындағы 5 балалы үйге зор демеу. Жолдасы Амангелді Базаров қоғамдық жұмыста істейді.
Аталған екі ауылдық округтегі «Өрлеу» жобасы бойынша ассистент Салтанат Есеналиева алдағы айларда Көнеккеткеннен тағы бір отбасы, Құрайлысайдан үш отбасы мал сатып алуды жоспарлауда екендігін айтты.
Бекем БЕКҰЛЫ
Ақжайық ауданы
www.zhaikpress.kz