11.11.2025, 10:30
Оқылды: 193

23 оқиға! Аз ба?! 

 

Қара жолдың үстінде көліктің малға түйісу жағдайлары азаяр емес. Самара - Шымкент халықаралық автодәлізінің бойында тұрған Сырым ауданы жүргізушілерден сақ әрі сергек, ал тұрғындардан иелігіндегі малға жауапты болуды сұрайды. 

PHOTO-2025-11-10-15-25-01

Кеше ауданда жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының және ветеринарлық сала өкілдерінен құралған топ жол бойында үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында рейдтік шараларға кірісті.

Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев, жер қатынастары бөлімінің басшысы Жанболат Мұхамбетжанов, Сырым аудандық ветеринарлық инспекциясының басшысы Равиль Темірболатов, ветеринарлық станция басшысының орынбасары Руслан Усағалиев және Сырым аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің инспекторы, полиция аға лейтананты Ерсұлтан Мақсотов Шолақаңқаты, Алғабас, Аралтөбе және Бұлан ауылдық округтерінде болып, жол бойында орналасқан шаруашылықтардың жетекшілермен және малшыларымен кездесті.

PHOTO-2025-11-10-15-25-01 (1)

Рейдтік топ мүшелері шаруалардан малдың асфальтқа таяу не жол бойында жайылмауын, бағымды ұйымдастыруды, үй жануарларын жолдан өткізу кезінде заңдылықтарды сақтауды сұрады.

Сырым аудандық ветеринарлық станциясы басшысының орынбасары Руслан Усағалиевтің айтуынша, көліктерді малдарға соқтығысудан сақтандырудың бір жолы - жылқы мен сиырға жарықшағылыстыр таспалар байлау.

- Малдардың мойынына түнде көлік жарығына шағылысатын таспаларды тағуды сұрасақ та, жаппай қолдау болмай тұр. Ветеринар мамандар шаруашылықтардың иелігіндегі малдарды аулаларға жинап, бірдейлендіру, таспа тағу жұмыстарын жүргізуді жоспарға қойды. Флиппердің құны қымбат емес. Метрі - 200 тг. Бірақ, тиімділігі көп. Табынның кем дегенде 50 пайызында жылтыр таспа болуы керек, - дейді Руслан Усағалиев.

Топ мүшелері Шолақаңқатыдағы “Баймұрат”, Алғабас ауылдық округіндегі “АгроДала” ЖШС, “Ораз”, Қызылағаш елді мекеніндегі “Жайсаң” шаруашылықтарында болды.

Көліктердің малға түйісу жағдайларына қатысты округ әкімдерінің де өз айтары бар. Бұлан ауылдық округінің әкімі Айдарбек Көлбаев мал бағу тәртібін сақтау - қатерден сақтайды деп есептейді. Ал, Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Ерлан Журалиев көп жағдайда мал иелері жауапкершілікке тартылатынын, ал кейбір оқиғалар жүргізушілердің де жоғары жылдамдықпен жүруінен орын алатынын айтты.

Екі тарапта да зардап шегуші - халық.

Мына сандарға назар салсаңыз.

PHOTO-2025-11-10-15-25-00

Сырым аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Бекболсын Меңешовтың айтуынша 2025 жылдың он айында Сырым ауданында үй жануарларының қатысуымен 23 жол-көлік оқиғасы орын алған.

ҚР Әкімшілік кодексінің 408 бабы бойынша, яғни ауылшаруашылық жануарларын жаю қағидасын бұзу бойынша 246 хаттама толтырылыпты.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале