29.01.2025, 17:30
Оқылды: 119

23 жасында директор болған бөрлілік ұстаз

 

Жылдың басынан бастап білім саласында жетістікке жетіп, өзінің жолын салып келе жатырған табысты жастар туралы жазуды бастаған едік. Бұл алдымен ауданымызда еңбек етіп жүрген жастарды елге таныстыру және олардың еңбектеріне деген өзіміздің бағамыз деп білеміз. Аудан айнасының кезекті нөмірінде ауданымыз бойынша білім саласындағы ең жас басшылардың бірі, шығармашыл жан, көпбалалы әке, ақынжанды азамат, табысты ұстаз Асылхан Абзалұлына бірнеше сауалымызды жолдаған едік.

WhatsApp Image 2025-01-29 at 18.13.56

Қармысов Асылхан Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының тумасы. Аталған ауданның Үшағаш НББМ 9 жыл оқып бітіріп, 2010-2014 жылдары қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша ОГТК үздік тамандады. 2016-2019 жылдары жоғары білімді БҚИТУ алған. Осы оқу орыннда 2019-2022 жылдары Педагогика магистрі мамандығын бітірді.

Ең алғашқы еңбек жолын  БҚО, Бөрлі ауданында «Жас туристер станциясында» туризм әдіскерлігінен бастап Бумакөл ауылы Бумакөл МББК-де мектеп әдіскері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Бөрлі ауданы Жастар ресрстық орталығының әдіскері қызметтерін арқарған. Қазіргі таңда Успен МББК директоры Асылхан Абзалұлы  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог сарапшы. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және облыс және аудан әкімінің алғыс хатарының, Білім басқармасы Құрмет грамотасының иегері. Республикалық, облыстық, аудандық жарыстардың жеңімпазы.

Жары Салтанат екеуі отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы.

WhatsApp Image 2025-01-29 at 18.13.14

- Не себепті ұстаздық жолды таңдадыңыз? Бұл бала Асылханның арманы болды ма?

- Ұстаздық жолды таңдауыма себепкер болған бастапқы кезеңде анам болатын. Анамның балалық кезде армандаған арманы еді. Қиын тағдырды басынан өткеріп жете алмады. Бірақ анам мені кішкентай кезімнен осы мамандыққа баулыды. 7 сынып оқып жүрген кезде “ Қаратөбе өңірі “газетінде жас тілші қызметін атқарып жүрдім. Бала кезден ауыл тіршілігіне араластым. Сол кезеңдегі қиындықтар менің ерте есеюіме себепкер болды. Алдыма мақсат қойдым. Анамның арманын орындап, осы мамандықтың биік шыңына жетем деген ойым болды. Адам армандаса еңбектенсе мақсатына жетеді екен. Оқуымды үздік  аяқтап, ұстаздық жолда шәкірт тәрбиелеуге белсене кірістім. Мақсаттарымның аясы кеңейді. Ендігі мақсат ұстаздық жолда білімді шәкірттер тәрбиелеу. Ұстаздық жолымды Бумакөл МББК-не жас маман болып бастадым. Сол кездегі директор Гүлбаршын Сапарқызы жас мамандардың анасындай болып, бізді көп нәрсеге үйретті . Нұрбол, Алихан, Бибігүл, Лунара, Роза т.б  он шақты жас маман бір мезгілде келіп,  Бумакөл мектебін аудан, облыс, республика көлемінде жетістікке жетеледік. Уақытпен санаспай барлық уақытымызды шәкірттерімізді жетістікке жетелеуге, өзіміз ұстаз ретінде биік шыңды бағындырауға аянбай еңбектендік. Жетістікке жұмыла бірге жеттік. Менің ұстаздық жолға келуім осылай басталған еді.

Успен МББК ұжымы

-Қазіргі уақытта Успен МББК директоры қызметіндесіз. Мектептің бүгінгі тынысы мен жетістігіне тоқталып өтсеңіз?

- Қазіргі уақытта Успен МББК мектеп директоры  қызметін атқарып жүргеніме алты жылдай уақыт болып қалды. 23 жасымда мектеп директоры болып сайландым. Шынында әлі тәжірибе жинақтап үлгермеген шағым . Төрт жылдай ұстаздық қызметтен кейін бірден басшылық қызметті атқару өте қиын болды. Десе де маған жас болсамда сенім артқан аудан басшылығына алғысым шексіз. Сенімді ақтау әрбір адамның міндеті. Сол міндетті атқару үшін жұмысыма белсене кірістім. Успен мектебінің ұжымы, ауыл халқы мені бірден жақсы қабылдады, үлкен қолдау білдірді. Ұжыммен тез тіл табысып кеттім. Мен басшы ретінді бірінші болып, өз мамандығым бойынша жетістік көрсетіп, содан кейін оқушыларды жетелеп, бірте- бірте ұжымды шығармашылыққа жетелеймін деген ой болды. Ойым толыққанды өз жемісін берді. Жыл сайын Успен мектебі аудан, облыс, республикалық байқауларда жеңімпаз атанды. Бұл жетістіктер ұжымның бірлесуі арқасында жеткен толағай табыстарымыз. Қазақтың «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей ұжым болып бірлессек алынбайтын қамал жоқ екені анық. Атап айтатын болсам шәкірттеріміз Гибадатова Зульпат, Шакратов Рауан, Овсиенко Мария, Марат Әли, Қабеш Назар, Болатова Алина, Байгалиева Дания, Тулепова Ардақ пен Гүльназ, Оразгелдиев Заманбек секілді оқушыларымыз «ІQanat»,  «Елбасы медальі» сайыстарында және ғылыми жоба, олимпиадаларда топ жарды. Ұстаздарымызда республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың жеңімпазы атанып жүр.

-Мұғалімдік қызметте жүріп жеке шығырмашылықпен айналысу мүмкін бе? Қолыңызға қаламды жиі аласыз ба?

- Өзімде ұстаз ретінде ізденістемін, шығармашылықпен үнімі айналысып жүрмін. Облыстық «Сапалы білім- сапалы сабақтан», «Ақұштап оқулары», дебаттық турнирлерде жеңімпаз атанып және оқушыларымды да сайыстарға дайындап жүрмін. Биыл оқушым Камила Сидмурзиева қазақ тілі пәні бойынша пәндік олимпиадада аудандық кезеңде жүлдегер атанып, облысқа жолдама алды. Бұйырса облыстан орын алуға үміттіміз. Бірақ бір өкініштісі қолға қалам ұстап өлең жазу, жақсы мақала жазу жағы тоқтап қалды. Оған көп ізденіс, уақыт тапшылығы себеп деп айтуға болады.

-Біз директоры және мұғалім Асылханды танимыз. Ал үйдегі әке мен отағасы Асылхан қандай? Бала тәрбиесіндегі басты ұстанымыңыз?

- Аллаға мыңда бір шүкір жолдасым Салтанат екеуміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған көп балалы ата-анамыз. Мен үшін әке болу үлкен бақыт. Жұмыстан шаршап келгенде солардың алдымнан әке деп жүгіріп шығуы бөлек сезім. Оларды құшарлана сүйгеннен кейін шаршағаныңды ұмытып кетесін. Шын айту керек отбасыма көп уақыт арнай бермейтін жұмыс басты адамдардың қатарынанмын. Бірақ балаларымды жаман мен жақсының қадірін білуге, еңбектенуге баулимын. Адамгершілік, амандасу, үлкенді сыйлауға тәрбиелеп жатырмыз. Оқу жағына анасы қадағалайды. Сенбі, жексенбі күндері арасында қадағалап отырамын.

-Кітапты жиі оқисыз ба? Егер ия болса, қандай кітап оқып жатырсыз? Оқушыларға оқуға қандай кітап ұсынасыз?

- Бала кезім, студенттік шағымда көп кітаптарды оқып тауыстық. Қазіргі таңда үнемі емес, бірақ  оқып жатырған кітаптарым бар. Тарихи және мотивациялық кітаптарды оқып жатырмын. Ауылымыздың кітаханашысы Қарылғаш Тұяқызымен үнемі байланыс жасап, жаңа оқулықтарды талдап ой бөлісіп, кітапханадан бой көрсетіп тұрамыз. Өзім басқаларға Б.Момышұлы, І.Есенберлин, Ә.Нұршайықовтың кітаптарын оқуға кеңес беремін. Мәселен жастарды, оқушыларды Б.Момышұлының кітаптары патриоттық пен қатар ержүректікке, қайсарлыққа тәрбиелейді. Ата тәрбиесі, әже тәрбиесі, әке-ана тәрбиесі қатар өрбейтін «Ұшқан ұя» шығармасының өзі рухани сананы қалыптастыратын болмысы бөлек көркем туынды. І.Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясы біздің тарихымыздан сыр шертетін, ата-бабамыздың жүріп өткен жолын айшықтап көрсететін тарихи туынды.  Қазіргі қоғамда бізге керегі кітап оқитын жастардың қатарын көбейту. Нағыз білімнің кілті кітапта. Біз сөздік қоры мол, ойы орамды, от ауызды, орақ тілді шәкірттер тәрбиелейміз десек өмір бойы кітап оқуды насихаттауды тоқтатпаумыз керек.

-Егер Сізге қайта таңдау мүмкіндігі берілсе, осы мамандықты таңдар ма едіңіз?

- Ұстаздық – менің өмірлік мамандығым деп есептеймін.  Ұстаздық ұлы қызмет! Оны абыроймен атқару үлкен жауапкершілікті талап етеді. Егер қайта таңдау мүмкіндігі туса осы мамандықты жалғастыра берер едім. Себебі осы мамандықтың колледж, институт, магистр бәрін оқып шықтым. Мамандығым мақтанышым! Мен бұл мамандықты шынайы жүрегіммен жақсы көремін. Шәкірттерімнің жүрегінен орын алып, оларды бір мамандыққа бағыттау менің ұлы арманым. Осы жолда әлі талай жетістікке жетемін деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан Мейрамбек Сыдықов,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале