29.08.2023, 15:00
Оқылды: 57

2671 тонна бидай жиналған

Әне-міне дегенше үш ай көктем, үш ай жаз өте шықты. Алты айын егін алқабында өткізген дихандар мен жаз шыққалы шабындықта жүрген пішеншілер еңбегінің есебі көрінер кез – күз келді.

жп дала (1)

67522,1 гектар жерге дәнді дақылдар салған егіншілер алдымен 18341,1 га күздікке орақ салған болатын. Артынша 49181,0 гектардағы жаздық дақылдар да толысып, оруға кірісті.

Бүгінде күздік дақылдар түгел жиналып, қамбаға құйылды. Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметте 12 726,6 га жерден орташа 8 ц/га түсіммен 10218 тонна күздік бидай жиналды деп көрсетілген. Күздік третикали (бидай мен қарабидайдың буданы) мен қарай бидай шығымы бидайдан төмен болған. 235,9 гектарға салынған третикали гектарына 7,4 центнерден айналдырып, 174 тонна өнім алынды. Ал гектарына 5 центнер берген қара бидайдан 2671 тонна жиналған.

Байқап отырсақ, жаздыққа салынған дәнді дақылдардан түсім күздіктей емес.

жп дала (2)

49 181 гектарға салынған дақылдардан бүгінде 20 248 тонна өнім жиналды. Әзірге жазғы дақылдар салынған егістіктің 68, 3 пайызы ғана жиналған. Сондықтан «балапан санауға» сәл ертерек. Жаздық бидайдың гектарына 6,5 центнерден беруі дихандар еңбегінің еш кетпегенін көрсетіп тұр. Дегенмен, былтыр бидай шығымдылығы 11 ц/га болған екен. Салыстырмалы қарасақ, биыл егін шығымы әжептәуір төмен. Сондықтан да егіншілер бар егінді шығынсыз жинауға барын салуда.

Биыл шөп шығымы да онша болған жоқ. 180,7 мың гектар шабындықтан 90,669 мың тонна пішен жинаған пішеншілер әлі жұмысын тоқтатқан жоқ. Алдағы қыста қыстаққа тұратын шартты мал басына қажетті табиғи қатты азықты жоспардан асыра дайындаған шаруашылықтар да әлі іс-қимыл үстінде. Құмақсай, Приречный округтерінде қазір мал азығына сабан дайындап жатыр.

Өз қажетін жинап алған қожалықтар ауыл тұрғындарына шөп сатады. Салмағы 300 келі болатын бір орама шөптің саттық бағасы – 7-5 мың теңге аралығында.

448,4 гектарға картоп, 519,18 гектарға көкөніс, 161,80 гектарға бақша дақылдарын салған дихандар қырыққабат, қияр-қызанақ, сәбіз сияқты көкөністерді ауыл тұрғындарына саттыққа шығарды.

Тамара Жұмат,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале