25.05.2026, 16:45
Оқылды: 7

40 бәйтеректік түлек «Алтын белгіге» үміткер

Оқу жылының аяқталуына орай Бәйтерек ауданындағы 33 жалпы білім беретін мектепте соңғы қоңырау соғылды. Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, 2025-2026 оқу жылын 10047 шәкірт аяқтады. Оның 585-і мектеп түлектері.

image-25-05-26-04-05-6

        Осы оқу жылында аудан көлемінде «Келешек мектептері» жобасы аясында екі бірдей жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Заманауи білім ұяларында тәлім-тәрбие алған түлектер сенімді ақтап, жақсы нәтижеге қолжеткізді. Атап айтқанда, осы қос мектептен 12 түлек «Алтын белгіге» үміткер. Жалпы аудан бойынша олардың саны – 40.

-Бәйтерек ауданында 46 білім ұясы болса, Байқоныс ауылындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мектеп солардың көш басшысы болып табылады. Жыл сайын «Алтын белгі» иегерлері шығатын бұл мектепте биыл олардың қатары 7-ге жетпекші. Бұл - өте жақсы көрсеткіш!  Алдағы жылдары олардың саны тағы да артады деген сенімдеміз. Шәкірттерді биік белестерге жеткізген ұстаздарға алғысымызды білдіреміз,- деді салататты іс-шараға қатысқан аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлыбек Хайруллин.

Айта кету керек, Байқоныстағы бұл мектепте соңғы қоңырау салтанатты ерекше өтті. «Келешек мектептері» жобасы аясында осы оқу жылы басында ашылған жаңа ғимараттан  43 түлек үлкен өмірге қанат қаққалы тұр.

Мектеп директоры Нұрсәуле Талипова осы оқу жылында білім ұясында 649 шәкірт болғанын, соның 43-і түлек екенін атап өтті.  7 түлек “Алтын белгіге” үміткер. «Бұл – мектеп тарихындағы рекорд, - деді Нұрсәуле Жандарбекқызы.-Осыған дейінгі жоғарғы көрсеткіш 4-еу болатын. Үш түлегіміз халықаралық грант иегерлері атанып отыр. Сол себепті оларды «Жұлдызды түлектер» деп айтуға болады».

«Жұлдызды түлектің» бірі - Фатима Қамидуллиева. Ол биыл РФ Мәскеу қаласындағы ГИТИС-ке кино және театр актеры мамандығы бойынша грант ұтып алған. «Бірақ жүрегім қалаған мамандық – журналистика,-дейді ол.- Халықтың мұң-мұқтажын, ауылдың тынысын қаламмен жеткізгім келеді. Сондықтан журналистика бағытын таңдадым. «Келешек мектебінің» тұңғыш түлегі болу – үлкен жауапкершілік. Ата-анам, ұстаздарым артқан үмітін ақтаймын деп ойлаймын».

image-25-05-26-04-05-9

Оқу жылының екінші тоқсанында есігін ашқан Достық мектебінде де соңғы қоңырау шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

-Биыл мектебімізді 1019 оқушы тәмамдауда. Жыл қорытындысы бойынша білім сапасы 68%-ды құрады. 124 оқушымыз оқу жылын үздік аяқтаса, 11-сыныптың 5 оқушысы «Алтын белгіге», ал 9-сыныптың 3 оқушысы «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр. Бұл жоғары жетістіктер — оқушыларымыздың табанды еңбегінің, ұстаздарымыздың кәсіби шеберлігі мен ата-аналардың шексіз қолдауының ортақ жемісі. Қымбатты түлектер, бұл күн сіздер үшін балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басар жауапты кезең. Алдағы уақытта кездесетін жаңа мүмкіндіктер мен сынақтарда мойымай, үлкен биіктерді бағындыра берулеріңізге тілекшімін,-деді өз сөзінде  мектеп директоры Айкөркем Ихсанова.

Білім ұясының мерейін өсіріп, шәкірт тәрбиелеуде ерен еңбек көрсеткен ұстаздар қауымын ұлықтау салтанатты жиынның ең жарқын сәттерінің біріне айналды. Жыл көлемінде жоғары нәтиже көрсетіп, мектептің білім беру саласына қосқан елеулі үлесі мен кәсіби шеберлігі үшін бірқатар педагогтер арнайы марапаттарға ие болды.

Іс-шара барысында сөз алған көпбалалы ана Әлия Мұқашеваның айтуынша, олар осыдан жеті жыл бұрын Достыққа көшіп келген. Алты перзентінің төртеуі аталмыш мектепте білім алуда. «Үшінші қызым Айсымбат Берікқалиева 11-сыныпты тәмамдауда,-деді ол.- Қызым қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болғысы келеді. Өз перзентіме ғана емес, барша жас түлектерге алдағы сыннан сүрінбей өтіп, жоғары балл жинап, қалаған оқу орындарына түсулерін шын жүректен тілеймін».

Салтанат Серікбайқызы,

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале