24.12.2021, 9:15
Оқылды: 43

51 жыл еленбеген ерлік

1970 жылғы желтоқсан айының бас кезі. Алғабас ауылының іргесіндегі Аңқаты өзені ауылдың қара домалақ балаларының жазда шомылып, балық аулайтын, қыста мұз үстінде коньки тебетін ойын алаңына айналған. Осы әдеттерінен жаңылмаған ауылдың топ баласы мұз үстінде ойнауға жиналды. Бетін аяз табы қызартқан балалар мұз үстінде зуылдай сырғанап, хоккейдің қызығына әбден беріліп-ақ кеткен.

4

Өзеннің ағысы бар және өзен беті ауыр салмақты көтеретін деңгейде қата қоймағандығы ешбірінің де ойына келмейді. Бір сәтте балалар шайбаға таласа шоғырлана қалғандары сол еді, салмақты көтере алмаған мұздың беті сөгіліп жүре берді. Ойылған жерге бата бастаған  балалар жан дауыстары шыға айқайлап, көмек сұрап жанталасты.

Ойын балаларының ішіндегі ұзын бойлы, шымыр денелі келген 7-сынып оқушысы Зейнелғабит Мәмбетәлиев тез шешім қабылдап, достарын құтқаруға өзенге  секірді. Қолына алғаш іліккен Бақытжан Қайыровты құтқарған соң, іле-шала Нұрлан Құлмурзин, Жолдас Жексенғалиев, Тілеген Кәрімовті киімдерінен тартқылап, мұз ернеуіне әупірімдеп шығарды.

Үстіндегі киімі суға шылқыған, аяғындағы етігі су астында шешіліп қалған Зейнелғабит жанұшыра алқынып, досы Демесін Нұрпейісовты іздеді.

Өзен үсті жарылған мұз сынықтарымен астан-кестең болған, тұңғиық ойық асты жай ғана шымырлап, ажал үңгірі сияқты тым қорқынышты көрінеді.

Аузы-мұрынынан қан саулаған, су-су киімі аяздан сіресе қатқан, жалаң аяқ Зейнелғабит ойыққа тағы секіруге ыңғайланды. Өзен жағасындағы жағдайдан хабардар болып келе қалған физика пәнінің мұғалімі Ораз Ізтілеуов:

– Зейнелғабит, балам, тоқтат, сен де бір шаңырақтың жалғызысың, тез жағаға шыққайсың, – деп жанталаса айқай салды.

Ұстазының өктем үні құлағына шалынған Зейнелғабит досы Демесін енді өмірде жоқ екендігін сезгендей, өзен жағасына тізерлеп отыра кетті...

Бірақ ауылдағы төрт отбасының балаларын тіке келген ажалдан құтқарып қалған жасөспірім Зейнелғабит Мәмбетәлиевтің қайсарлығы мен ерлігі кейін ұмытылып қалды.

Осыдан 51 жыл бұрынғы оқиғаны қайта қозғауға Алғабас ауылдық округінің тұрғыны, кезінде ауылдық кеңесте есепші болған, бүгінде зейнеткер Жәдігер Құбиев бізге басты себепкер болды.

Сол Жәкеңнің айтуымен ажалдан аман қалған Нұрлан Құлмурзинмен тілдестік.

3

– Ол оқиғаны көз алдыма елестетсем, денем түршігіп кетеді. Мұздың құрсауында қалып, өзенге бір батып, бір шығып жүрген біздерді Зейнелғабит құтқармағанда, бұл өмірді көрудің бақыты бұйырмас еді. Қайсар да батыл дос Зейнелғабиттің азаматтығы нәтижесінде ажалдан аман қалып, бүгінде бақытты отбасы тірлігін көріп отырмыз, – дейді Нұрлан.

Бір өзі төрт адамды ажал тырнағынан құтқарған, бүгінде зейнеткерлік демалыстағы Зейнелғабит Мәмбетәлиевті шаңырағына арнайы іздеп барып, оқиғаның мән-жайы жөнінде суыртпақтап сұрағанымызбен, кейіпкеріміз бұл жөнінде әңгіме айтудан бас тартты. Тіпті 51 жыл болған оқиғаны мүлде қозғамауды өтініп, суретке түсуден де қашқақтады. Керісінше, Зейнелғабиттің зайыбы, зейнеткер ұстаз Қанипа Мәмбетәлиева әңгімешіл, орта көрген, сыпайы жан екен. Журналистік әдетғұрыпты сәл бұза отырып, Қанипаның көмегімен естелік альбомның ішінен Зейнелғабиттің суретін «ұрлап» алып, қажетімізге  жараттық.

Кеңестік заманда өзінің азаматтық борышын әскери-теңіз флотында өткерген, шаруашылықта мал маманы болып зейнеткерлік демалысқа шыққан Зейнелғабит Мәмбетәлиев – зайыбы Қанипамен ұл-қыз өсіріп, немере-жиендерінің қызығына кенеліп отырған үлгілі шаңырақ иесі.

Міне, 51 жыл еленбей келген оқиғаның мән-жайы осы. Ал сол бір жан алысып, жан беріскен аласапыран кезінде батылдық көрсеткен Зейнелғабит Мәмбетәлиевтің ерлігі сол кезеңде неге ескерілмей қалды екен?

Тәуелсіздік алғанымызға да 30 жыл болды. Осы жыл ішінде куә болып жүргеніміздей, кездейсоқ өрт ішінде қалған, көп қабатты үйден секірмекші болған немесе басқа да оқиғаға кезіккен жандарды құтқарып қалған адамдарға Үкімет тарапынан өжеттігі үшін медаль, марапаттар берілу­де. Жөн, құптарлық мәселе.

Ал бір өзі төрт адамды су астынан, мұз құрсауынан құтқарған ержүрек жан Зейнелғабит Мәмбетәлиевтің 51 жыл бойы ерлігінің ескерусіз қалуы өте өкінішті. Әлі де кеш емес, Зейнелғабиттің арқасында көрер жарығы таусылмаған төрт замандасымыз ортамызда жүр ғой! Дәлел керек болса?..

Мүсірбек  Айташев,

Сырым  ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале