22.03.2018, 17:47
Оқылды: 47

Ақсай қаласындағы Наурыз тойында 1500 литр наурызкөже таратылды

IMG_1681Ұлы мереке ұлықталып, Бөрлі ауданы шырайлы мейрамды тойлады. Молшылық пен байлықтың бастауы, жаңалық пен жақсылықтың жаршысы, жаңару мен жасампаздықтың белгісі болған бұл Наурыз аудан халқына ерекше мереке сыйлады.


Қаламыздың Ғ.Жәңгіров атындағы саябағына жиналған қауымның қарасы көп болды. Бірімен-бірі құшақтаса көріскен қариялар мен жақсы ниеттерін білдіріп жатқан жастар, мерекені қызықтап, асыр салған балалар да да осы думаннан табылды.

Аудан әкімі Алдияр Халелов халықпен бірге көпшілік серуенге шығып, аудан тұрғындарын құттықтады.

Сонымен қатар аудан әкімі той-думаны жарасқан, ән мен күйі төгілген, әдемі салт-дәстүрлерімізді дәріптеген қаламыздың Теміржолшы көшесінде бойын тіктеп, шаңырағын көтерген КПО б.в. компаниясы, «Ақсайгазсервис», «Ақсайавтотранс», «Қазбургаз», «Конденсат» АҚ, «Жастар», «Мирас», «Мешіт» ауылдары тіккен киіз үйлерінде болып, мерекелік дəстүрлі дəмнее ауыз тиді.

IMG_1679Жаратылыс біткенге жан бітіріп, жер бетіне жылулық мейірімін ұялатып, көктемнің шырайлы мейрамы саналған Наурыз мерекесінде аудандық демалу орталығының қызметкерлері мен шәкірттерінің күшімен дайындалған театрландырылған көрініс пен мерекелік концерт те болды.

Қазақтың ұлттық спорт түрлері де ұлықталды. Бұл күні палуандар боз кілемде қазақ күресінен бақ сынаса, білек күшіне сенген жандар гір тасын көтеру, қол күресі, арқан тартыс сынды жарыстардың көркін қыздырды.

Көпшіліктің қызығушылығын арттырған қой көтеру сайысына нағыз мықтылар ғана шықты. Қойды 75 рет көтеріп, мықтылығын дәлелдеген ақсайлық Айдынғали Нұғманов жеңімпаз деп танылды.

Ырысы мол мерекеде көпшілікке 1500 литрге жуық наурызкөже, тәтті бауырсақ пен ыстық палау тегін таратылды.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале