Бүгін Бөкей ордасы ауданы орталығындағы басты көшенің бірі ақын Тайыр Жароков атындағы көше қызылды-жасыл боп, жасанып, әдемі бір күйге бөленді.

Ұлыстың ұлы күні Наурызнаманың онкүндігі аясында мекемесі мен мектебі бар, көшесі мен көршілері бар, қартары мен жастары бар, кәсіпкерлері мен ауыл тұрғындары бар қалың көпшілік қазақы киім шапан-камзолдарын киіп, қолдарына жалаушаларымен түрлі түсті шарларын ұстап, ақ үйден мәдениет үйіне дейін жүріп өтті. Санға шағып айтсақ, шеруге 675 адам шықты.

Бұл жай сан емес. Өздеріңізге мәлім, биыл Бөкей хандығының 225 жылдығы. Үш ғасырлық тарихты бір емес, үш еселеп сап түзеген 675 тұрғын "Атамекен", "Мен қазақпын!" әндерін айтып, көшені думанға бөледі. Шеруге аудандық мекемелер мен ұжымдар, ауданнның "Құрметті азаматтары", ақсақалдар мен әжелер, келіндер клубының мүшелері, бауырластар мен ауыл көшелерінің тұрғындары қатысты.

Шерудің соңы думанды концерттік бағдарламаға ұласып, ән мен жырға, би мен шаттыққа толы кешке айналды.

Шындығында, ұлттық киім – әрбір халықтың болмысын, тарихын, дүниетанымын бейнелейтін құндылық. Сондықтан оны тек мерекелік іс-шараларда ғана емес, күнделікті өмірде де кию – ұлттық сананың жаңғыруына жасалған нақты қадам.

Ұлттық киімдер шеруі көркемөнерпаздардың концертімен жалғасты.
Анар Артықбай
Суретке түсірген Еркебұлан Рахметолла
Бөкей ордасы ауданы