5.06.2024, 10:00
Оқылды: 53

Абай атындағы мектеп-гимназия республикада үздік атанды

2023-2024 оқу жылын Ақжайық ауданындағы Абай атындағы мектеп-гимназия зор табыспен аяқтады. Жуырда республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы республикалық олимпиадалардың қорытындысы бойынша үздіктерді анықтап, соның нәтижесінде білім ордасы «Ең үздік ауыл мектептері» рейтингісінде үшінші орыннан көрінді.

D96CFC85-0230-427E-B2F5-1FBC302EF072

Республика бойынша «Олимпиадалық 100 үздік мектеп» рейтингісіне де еніп, үздік жүздіктің қатарынан табылды.

Толайым жетістіктің артында педагогтардың, мектеп оқушыларының еселі еңбегі, толассыз ізденісі тұр. Дәлірек айтсақ, биыл 9-11 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндерден ауыл мектептері арасында алғаш рет ұйымдастырылған олимпиадада мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Аруна Зайдуллина қазақ тілі мен әдебиетінен І орын мен алтын медальді жеңіп алса, 11-сынып оқушысы Алина Мұса орыс тілі мен әдебиетінен ІІ орын мен күміс медальді иеленді. Ауыл олимпиадасының жеңімпаздары дәстүрлі пән олимпиадасының республикалық қорытынды кезеңіне тікелей жолдама алып, Аруна қызымыз Қостанай қаласында өткен білім бәйгесінде үздік атанып, тағы да алтын медаль иеленді. Жетістікке толы бұл жолды сәуір айында мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы Гүлмаржан Ибрагимова жалғап, құқық негіздері пәнінен Өскемен қаласында өткен дәстүрлі пән олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

Білім ордасының осындай абыройға ие болуы – мұғалімдердің еңбегі. Мектеп-гимназияның педагог кадрларының сапалық құрамы қазіргі уақытта 56 пайызды құрайды. Бұл – жақсы көрсеткіш. А.Зайдуллинаның жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Клара Төлепбергенова да, А.Мұсаның жетекшісі, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанаргүл Жәрдемова да – педагог-зерттеушілер. Ал Г.Ибрагимованың ұстазы, тарих, құқық негіздері пәндерінің мұғалімі Гүлмира Мырзағали – педагог-сарапшы. Дарынды оқушылармен жұмыстың озық тәжірибесін қалыптастыруда, педагогтердің құрамын жақсартуда, сапалы білім мен тәрбие беруде мектеп-гимназияны 22 жыл басқарып келе жатқан Светлана Оразованың еңбегі ұшан-теңіз екенін атап өткен жөн.

Жалпы түрлі олимпиадалардың білім саласында маңызы қандай? Елімізге қандай пайдасы бар? Олимпиада зияткерлік әлеуетімізді нығайту үшін керек. Бүгінгі дарынды шәкірт – елдің ертеңі, болашақты құратын білімді азаматтар. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, ой-өресімен, білім-білігімен озған талапты шәкірттеріміз көп болсын.

Әлия Сапарғалиева

Ақжайық аудандық білім беру бөлімі әдістеме кабинетінің меңгерушісі

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале