Бүгін Астана қаласының музыкалық жас көрермен театры Сырым ауданы, Шағырлой ауылындағы мәдениет үйінің сахнасында көрермен назарына Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” романының желісі бойынша қойылған “Абай - Тоғжан!” музыкалық драмасын ұсынды.
Біз Абайды ұлы ойшыл, хакім деңгейінде танимыз. Танимыз деу артықтау, білеміз. Абай бірден Абай болған жоқ. Ол да бала болып ойнады, бозбала болып албырт күй кешті. Жігіт болып, жүйрік мініп, қызды ауылдың иттерін шулатты. Былай айтқанда, Шыңғыстаудың жайлауында жатқан баланың Шығыстың ойшылына айналуы тұтас дәуірді қамтыған процесс болды.
Міне, “Абай - Тоғжан” музыкалық драмасы ақынның бозұлан кезін суреттейді. Қос ғашықтың көздері түйіскенімен, тағдыр жолдары екі тарамға құйылады. Сүйіндік руының қызы Тоғжанға деген іңкәрлігінің жолында дала заңы, ата жолы, Құнанбайдың атағы мен аты тұрады. Тоғжан да руының абыройы үшін Аққозының қолынан ұстайды. Екеуінің тойындағы беташар той жыры секілді емес, махаббат азасы болып естіледі.
Драмада жырау рөлін Оразалы Игілік, Құнанбай бейнесін Асхат Мұса сомдады. Дінислам Нұрмағамбет Абай болып ойнады. Ғашығы Тоқжанның рөлінде - Арелана Амангелді.
Айта кетейік, Астана қаласындағы музыкалық жас көрермен театры алғаш ашылған сәтте шымылдығын дәл осы “Абай - Тоғжан” қойылымымен түрген болатын.