Абай күніне орай Бәйтерек ауданының барлық ауылдық округында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Мичурин ауылдық клубында "Абай дана, Абай дара қазақта" танымдық бағдарламасы, Атамекенде - "Абай дана, Абай дара қазақта" әдеби-сазды кеш, Чувашин ауылдық клубында "Абайдан асқан жоқ ақын" әдеби кеш болды. Ал Дариян ауылдық мәдениет үйінде "Ұлы халықтың-ұлы Абайы" тақырыптық кеш, Белесте "Жас толқын үшін Абайдың өсиеттері мен өнері асыл қазына" тақырыптық-танымдық сағат, Шалғайда "Ұлылардың ұлысы- Абай" әдеби-музыкалық кеш өтті. Сондай әсерлі іс-шара Переметныйда да болды. «Абайды оқы, таңырқа!» атты зияткерлік сайысына аудан жастары қатысты.
-Елімізде ұлттың рухын оятатын, алыптарымызды насихаттайтын іргелі іс-шаралар жиі ұйымдастырылып келеді. Бұл әсіресе соңғы жылдары белең алып келе жатыр. Сондай мерейлі күннің бірі - Абай күні. Осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын студенттік шағымызда Абай күнін ұйымдастыру туралы айтыла бастады. Міне, бүгінде сондай деңгейге жеттік. Енді ұлтымыздың бас ақынын қоғамымызда барынша кең насихаттауымыз керек. Бұл бағытта қырғыз ағайындардан үйренеріміз көп. Олардың Манасты насихаттауы бөлек. Оларда Айтматовшыл жастар өсіп келе жатыр. Осындай іс-шаралар арқылы ел-жұрт, соның ішінде жастар Абай хакімді тани түсері анық,-деді ісшараны ашқан аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Дүзбатыров.
Зияткерлік сайысқа қатысқан «Абай бол» мен «Ойлап қой» топтары үш кезеңде түрлі сұрақтарға жауап берді. Аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі ұйымдастырған білім сайысының нәтижесінде «Ойлап қой» тобы жеңімапаз атанды.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz