6.04.2022, 17:00
Оқылды: 647

«Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ»

Аса қамқор Ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Жаратушы жаппар иемізге сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға Алланың салауаты мен сәлемі болсын.

    Адам баласының еңбектенуі, тіршілік етуі - адамның өз нәпақасы мен ризық несібесін өзі табуы өмірдің өзгермейтін қағидасы. Алайда ырыздықты түрлі жолмен табуға болады. Ислам діні мұсылмандардан тапқан табыс пен нәпақаны тек қана адалынан болуды талап етеді. Біздің дініміз табыстың негізгі көзі - сауда екендігін де айтып өткен. Адал саудада береке бар. Ал арақ - шарап, темекі, шошқа етін сату, таразыдан жеу, елдегі белгіленген бағадан тауар бағасын көтеру, шамадан тыс өсім көру - Алланың ашуын тудыратын харам еткен амалдардан болады. Құран бұл жайында былай дейді:”Әй иман келтіргендер! Мал-мүліктеріңді араларыңда арам жолмен жемеңдер”. (Ниса сүресі 29)

IMG-20220405-WA0034

Бүгінгі таңда алкоголь және темекі өнімдерінің өз ауданымыздың дүкендерінде ашық сатылымда тұрғанын көріп жүрміз. Сырым аудандық мешіті жыл сайын «Ішімдіксіз Рамазан!» айлығын өткізеді. Биыл да сол ниетпен бірқатар сауда нысандарын аралап, тым болмаса қасиетті айда ішімдік сатпауларын сұрап, жүріп шықтық. Іс шара барысында ауданымыз бойынша отыздан астам сауда саттық орындарында адал сауданың берекеті және харам сауданың адам баласына келетін зардабы мен тигізетін зияны жөнінде насихатымыз айтылды. Әрине, біздің насихатымызсыз-ақ, Алланың айтқанына амал етіп, арақ - шарапсыз - ақ саудасын жүргізіп жатқан дүкен, сауда үйлері бар. Өкініштісі, олардың саны тек – бесеу. Ескертпе-өтініштен бас тартқан кәсіпкерлер де бар.

Арақ-шарап - атамыздан қалған адал ас емес. Кешегі бабаларымыз атын атамақ түгілі, оған «шайтан су» деп теңеу айтқан. Өйткені ол «су» -  кез келген адамның ақылдан айырылып, мас етіп, адамдық қалыптан шығарады. Ішімдік салдарынан – ажыраған отбасы, тірі жетімдердің көз жасы, мүгедек сәбилер көбеюде. Арақ ішетін және құмар ойнайтын адамдар арасында өшпенділік пен дұшпандық туындайды. Туған-туыс ажырайды, бауырлар бөлінеді, абыройың аяқ асты болады. Ал рухани залалы пендені діни міндеттемелерден тоқтады.

Бауыржан Момышұлы атамыз «Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ» деп айтқан.

Жүсіп Баласағұн:

Шарап ішпей бәледен жүр қашықта,

Байқа, атанба зинақор да, пасық та.

Сақ бол шарап зинақорлық күйгізер,

Олар тонын кедейліктін кигізер. – дейді.

Бабалар жүрегі осылай сөйлейді.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала Майда сүресінің 90-аятында: ”Әй, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойыны, пұтқа табыну, оқпен бал ашып, бәсекелесу – шайтан ісі, желкенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар”.

IMG-20220404-WA0058

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араққа байланысты он кісіге лағынет айтқан: «Олар - арақты сығушы, сығуға тапсырыс беруші, ішуші, тасушы, алдыртушы, құюшы, сатушы, арақтан түскен пайданы жеуші, арақты сатып алушы және сатып алдырушы» (Тирмизи, ибн Мәжә). Біз арасында бармыз ба? Ойланайық!

Мұсылман баласы тіпті арақ-шарап қойылған жерде отырмауы тиіс. Әділ халифа ретінде танылған Омар ибн Абдулазиз арақ ішкендерді олармен қоса ішімдікті аузына алмаса да, сол дастархан басында отырғандарды дүреге қоса жығатын болған. Омар қоғамын солай тәрбиелеген.

Атақты дәрігер Альфина Дебруч ішімдіктің зияндығын зерттей келіп: «Ішкілікті көп пайдаланатын халықта өлім көбейіп, бала өсімі күрт төмендейді. Себебі спирттің әсерінен дүниеге әлсіз ұрпақ келеді. Ішкілік себебінен қылмыстын саны көбейеді. Ұрпағын апаттан сақтап қалам деген әрбір саналы адам ішкілікке қарсы тұруы қажет» дейді.

Аллаға және ақырет күніне иман еткен әрбір мұсылман саудагер жоғарыда айтылып өткен ережелерді ескеретіндігіне сеніміз мол. Дегенмен нәпсіміз азғырып, шайтанның алдауына түсіп, бес күндік пайда үшін ақыретін ұмытып жататын жандарда кездесіп жатады. Алла Тағала оларды кешіріп, жүректеріне иман байлығын берсін деп тілейміз! Алла Тағала сауданың адалын, табыстын халалын нәсіп етсін! Әмин!

Сырымның сырлы аймағын шайтанның суымен былғамайық!

 Батырхан Тілекқабылов,

Сырым аудандық орталық мешітінің найб имамы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале