Казталов жұртшылығы халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғаған жас балуан, Вьетнамның Дананг қаласында өткен U17 жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері Әділбек Ерболатовты зор қошеметпен қарсы алды.

Жеңіс қуанышына ортақтасқан аудан тұрғындары мен спорт жанашырлары жас спортшыға ақжарма тілектерін арнап, оның биік белестерді бағындыру жолындағы қажырлы еңбегіне ризашылықтарын білдірді.

Салтанатты жиында Казталов ауылы әкімі мен спорт саласының өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, елжанды азаматтар тарапынан ерекше құрмет көрсетілді. Жерлесіміз Әділбек Ерболатовқа кәсіпкер Хайруллин Нұрлыбек сәйгүлік мінгізіп, ұлттық дәстүрге сай құрмет танытты. Сондай-ақ Абитов Айбынбек 500 мың теңгелік сертификатты табыстап, жас чемпионға алдағы жарыстарда жеңіс жолы жалғаса беруіне тілектестігін жеткізді.

Спортшының алғашқы бапкері Гиляжев Мейрамның еңбегі де елеусіз қалмады. Шайхиев Сағынбек бапкерге сәйгүлік сыйласа, Мырзахметов Берік, Хитаров Абат және Малаев Абат 250 мың теңгелік сертификат табыстап, жас чемпионды тәрбиелеудегі өлшеусіз үлесіне алғыс айтты.

Бұл құрмет – бір ғана спортшыға емес, ел намысын қорғап жүрген барлық жастарға көрсетілген қолдау мен сенімнің айқын көрінісі. Жерлестерінің ыстық ықыласына бөленген Әділбек алдағы уақытта да Қазақстанның көк байрағын халықаралық ареналарда биікте желбіретіп, жаңа жеңістерге жете беретініне сенім мол.
Ернәсіл Рысқалиев,
Казталов ауданы
