12 сәуір – Қазақстан ғылымының мерейлі мерекесі. Бұл күн – қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен сабақтасып, ұлттық зияткерлік әлеуеттің символына айналған. Биылғы «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында Байқоныс ауылындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы заманауи мектепте «Жұлдызды старт» аудандық аэроғарыштық хакатоны ұйымдастырылды.

Ашылу салатанатында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев құттықтау сөз сөйлеп, ғылым мен техниканың қарыштап дамуына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларды айтты.
Мектептің ардагер ұстазы Любовь Плотникова адамзаттың ғарышқа қадам басқанына 65 жыл толғанын еске сала отырып, ол техникалық білімнің маңызын Талғат Мұсабаев сынды тұлғалардың мысалында түсіндірді. Инженер-радиотехник ретінде ғарыштан жер қойнауын зерттеген ғарышкердің ерлігі – ғылым мен табандылықтың жемісі екенін жеткізді.
Айта кетейік, былтыр, жаңа оқу жылында ашылған аталмыш мектепте робототехника үйірмесі жұмыс істейді. Қазіргі таңда үйірмеге 30-дан астам оқушы қатысады. Робототехника кабинеті заманауи техникалық базамен жабдықталған. Осы үйірмені жүргізетін көркем еңбек пәнінің мұғалімі Медет Талғатұлы жұмыс барысында квадрокоптер, футбол дронын, Spike бағдарламасын, сондай-ақ Arduino, Raspberry Pi, iNex, EV3, FTS және FLL роботтарды кеңінен қолданады. Шәкірттері халықаралық әрі республикалық жарыстардың жеңімпазы атанып жүр.

Аэроғарыштық хакатонның ең қызықты кезеңі – жобалар шеруі болды. Хакатонға аудандағы 20 мектептен 60 шақты оқушы қатысып, өздерінің инновациялық идеяларын қорғады. Зымыран ұшыру рәсімі мен физика кабинетінде өткен шеберлік сағаттары оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді.

Хакатон нәтижесі бойынша барлық қатысушы сертификаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Іс-шараның басты жаңалығы – қос шәкірт Айдар Есатай мен Меңдібек Темірханов еліміздің жетекші IT университеттерінде білім алуға арналған грант иегері атанды.
Балым Кенжеахмет
Бәйтерек ауданы