13.06.2022, 14:30
Оқылды: 64

Аға буын еңбегі ұмытылмайды

Адамды адам еткен еңбек екені белгілі. Ол - дәуірлер бойы дәлелденіп келе жатқан дүние. Ердің елге танылуы да сол еңбектің арқасы. Оның айғағы - қазіргі қоғамда өзіндік орны бар шаруақор жандар. Ұзақ жылдар бойы еткен ерен еңбегінің жемісін көріп, жас ұрпаққа үлгі болып отырған Бәйтерек ауданы Краснов ауылдық округіндегі тау тұлғаларының бірі – Александр Баранов.

6FD35FD1-7B4D-4E10-B209-26ECF1277870

Таяуда 85 жасқа толған еңбек ардагерін аталмыш ауылдың әкімі Жұмабай Сатаев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Иван Мичкин арнайы барып құттықтады.

1937 жылы Орынбор облысында дүниеге келген Александр Егорович қазақ тілінде еркін сөйлейді. Туған жерінде қандастарымыздың көп болған. Қазақ балаларымен дос болып, ұлтымыздың әдет-ғұрпына дейін біледі.

-Дәм-тұз бұйырып Краснов ауылына келгеніме жарты ғасырдан асты. Осы ауылды қалыптастырып, дамытуға барынша өз үлесімді қостым. Түрлі салада еңбек еттім. Мал да бақтым, киномеханик та болдым. 1997 жылы зейнеткерлікке шықтым. Құдайға шүкір, аспанымыз ашық, ынтымақ-берекеміз бар, деніміз сау, ұрпақтарымыз аман. Еліміз жыл өткен көркейіп келеді. Ауылымызда да халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында барынша жұмыс жасалып жатыр. Біз аға буын өкілдері бәріне ризамыз,-деді Александр Баранов.

Ауыл әкімі аға буын өкілдерінің егемен елді қалыптастыру, дамытуға қосқан еңбегі, баға жетпес үлесі, қариялардың тұрмысын жақсартуға бағытталған  мемлекетіміздің саясаты туралы айтып өтті.  

-Біздің бүгінгі жетістігіміз – бұл аға буынның көп жылдық қажырлы еңбегінің жемісі. Сіздер ауылымызды қалыптастырып, дамудың берік іргесін қаладыңыздар. Жас ұрпақтың тәрбиесіне өз үлестеріңізді қосып жүрсіздер. Сол себепті сіздердің көп жылғы еңбектеріңіз және мейірімділіктеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз үшін айтар алғысымыз зор. Құрметті Александр Егорович, сізді мерейлі жасыңызбен құттықтап, мықты денсаулық, жақсы көңіл күй, ұзақ ғұмыр мен отбасыларыңызға амандық тілейміз,-деді Жұмабай Аспендиярұлы.

 Берік Қали,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале