Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Жаңа жыл қарсаңында ауыл, елді мекендердегі ардагерлердің басын қосып, арнайы кездесу өткізді.
Аудан басшысы жылдың меже-міндеттері, соған сай атқарылған мерейлі жетістіктер жайында жиналғандарды хабардар ете отырып, алда тұрған қам-қарекеттерді кеңінен баяндады. Өңірдің әлеуетін арттырар істерде қоғамдық ұйымдар да көп іс тындырары сөзсіз. Осы ретте ардагер аға-апалардың өмірлік тәжірибесі – жұтамас қазына.
Елді мекендердің көріктендірілуі, санитарлық тазалығы, мал бағымын ұйымдастыру үздіксіз жүргізілгені абзал.
«Тұрғындарды осыған мүдделілікпен қатыстыруды әлде де тереңірек ойластырсақ», - деді Қалияр Шадиярұлы.
Чапаевта және ауылдық округтер орталықтарында бірден-бір мәселе – мал бағымы. Бірінші кезекте тұрғындарды өздерінің түліктеріне өздері ғана жауапты екенін ұғындыру керек. Аудан орталығын, ауылдарды көркейту мақсатында ауқымды жұмыс орындалуда. Елді мекендерді газдандыру жалғасуда. Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатындағы жұмыс келесі жылы кең ауқым алмақ. Айталық, Чапаев ауылында коммуналдық екі пәтерлі 6, Тайпақ ауылында 12 пәтерлі, Жамбыл, Мерген, Лбішін, Ақсуат, Алмалы, Қабыршақты ауылдарында 2 пәтерлі тұрғын үйлер бой көтереді. Жайықтың сол жағалауындағы Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесін жөндеу жұмыстары да қолға алынбақ. Сонымен қатар аудан орталығының тұсында Жайық өзенінің жағалауы бетондалып, бекітіледі.
Сонымен қатар аудан басшысы облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Қамбетовтың алғыс хатын Дәулетжан Жақсыбаевқа табыстап, мерейлі жасқа толған Тельман Мұқашев пен Нух Қайыровтарға марапат табыстады.
- Пікірлесуге шақырғаныңызға ризамыз, - деді кездесуде сарытоғайлық еңбек ардагері Сансызбай Қабдоллашев.
Ол ауданның Атырау облысымен шектесетін осы округ тұрғындарының біраз жылдан бері жол азабын шегіп отырғандығын жеткізіп, ауыл тұсына Жайықтан өтетін қалқымалы көпірді орнатса деген ел тілегін жеткізді.
Чапаевтық Мұрат Боқаев игі жаңалықтарды айта келіп, аудан орталығының шеткі көшелеріне жарық шамдарының жоқтығына алаңдаушылығын білдірді.
– Көшедегі тәртіпті нығайтуды қажет деп есептейміз. Кей тұрғындар есік алдына төкпесті төгіп, ауыл ажарын кетіруде. Біз осылай жас ұрпақты салақтыққа, немқұрайлылыққа тәрбиелейміз бе? - деді ол.
Дала еңбеккері Нух Ғалымұлы көлтабандарға судың келуі нашарлығын, сондықтан жыл сайын мал азығын дайындау үлкен қиыншылықпен жүретінін тілге тиек етті.
Кездесуде базартөбелік Хамит Жаналиев, лбішіндік Тельман Мұқашұлы, чапаевтық Амангелді Қалиев және басқалар ауыл тағдырына қатысты қажет ойларын ортаға салды.
Аудан басшысы пікірлерге, толғамдарға ризашылығын арнай отырып, ауылдар тынысын жандандыруға байланысты міндеттерді атады.
Әлия Серікқызы,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz