Сұлукөл ауылдық округінде осындай атаумен егінжай күні өтті. «Alem Agro Holding» ЖШС мен «Агросервис Батыс» ЖШС биыл екінші рет ұйымдастырып отырған іс-шараға қатысушылар қарасы былтырғыдан әлдеқайда көп болды.
- ҚР Президенті «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жергілікті атқарушы биліктің алдына бірқатар міндеттер қойған болатын. Сол міндеттерді шешу үшін агроөнеркәсіп кешенді дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді.
Өңірімізде мал шаруашылығы негізгі сала болғанымен, өсімдік шаруашылығының да алатын орны ерекше. Биыл облысымызда ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 429 мың гектарды құрады. Соның ішінде дәнді дақылдар - 306 мың га, майлы дақылдар - 113 мың гектар. Қазіргі таңға облыс бойынша 57 мың гектардағы дәнді дақылдар алқабы орылды (13%), орта есеппен гектарынан 13,5 центнер өнімділікпен 78 мың тоннаға жуық астық жиналды.
Біздің шақыруымызды құп алып, арнайы келген РФ Омбы, Самара, Саратов облыстарынан келген меймандарға, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына, елордадан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы түрлі компания өкілдеріне ризашылығымды білдіремін, - деді іс-шараның ашылуында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
БАҚ өкілдеріне сұхбат берген аудан әкімі Марат Тоқжанов атап өткендей, қазір құр тәуекелмен бидай еге салатын заман емес. Дегенмен де ондай шаруашылықтар әлі де бар. Бүгінгі таңда нарықта сұраныс бар дақылдардың егу, оны өсіруде ғылыми негізге сүйену маңызды. Бұл бағытта ауданымыздағы «Агросервис Батыс» ЖШС-ның еңбегін атап өтуге болады. Міне, осындай шаруашылықтардың тәжірибесін өзгелерге үлгі етіп көрсету мақсатында осындай егінжай күні ұйымдастырылып келеді.
Егінжай күнінде алқаптарда тәжірибе ретінде егілген майлы, мал азықтық дақылдардың жаңа сұраптары таныстырылды. Бүгінгі нарықта сұранысқа ие, оны өсірге кететін шығындары аз, пайдасы молдау дақылдар туралы семинар-тренингтер өткізілді. Жаңадан шыққан ауыл шаруашылығы техникаларының және асыл тұқымды малдардың көрмелері ұйымдастырылды.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz