17.01.2025, 19:00
Оқылды: 19

Айдархан ауылында медициналық нысан халық игілігіне пайдалануға берілді

Адам денсаулығы – қоғамның басты байлығы. Осы мақсатта Жаңақала ауданы көлемінде медицина саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы аптаның басында Мәстексай ауылында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен ауылдық медициналық амбулатория ашылса, бүгін Кіші Айдархан ауылында жаңа медициналық пункттің лентасы қиылды.

image-17-01-25-05-45-2
Ашылу салтанатына аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, мәслихат төрағасы Қамбар Каменов, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Қуаныш Шарафутдин, Жаңақала орталық ауруханасының директоры Дәурен Көкенов, сондай-ақ Жаңажол ауылдық округінің әкімі Айбек Ишанов, Жаңажол ауылдық округінің мәслихат депутаты Дәурен Жағыпаров пен ауыл тұрғындары қатысты.

image-17-01-25-05-45
Жоба құны 149 миллион теңгені құрайтын нысанның құрылысы 2024 жылы басталып, жыл соңына дейін аяқталды. Құрылыс жұмыстарын «Жиенбай» ЖШС мердігерлік ұйымы атқарған. Жаңа медициналық пункттің аумағы 218,3 шаршы метрді құрайды. Заманауи жабдықтармен қамтылған пунктте ем-шара кабинеті, физиотерапия, қабылдау бөлмесі және басқа да қажетті бөлімдер бар.
Салтанатты шарада аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев: - Бүгін ашылған медициналық пункт – ауыл тұрғындары үшін үлкен игілік. Мемлекет ауылдарды дамытуға, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға барынша қолдау көрсетуде. Ауылдарды дамытып, мектепті ұстап қалуға, ауыл халқының санын көбейтуге, мал шаруашылығымен немесе басқа да кәсіппен айналысу үшін ауылға көшіп келуге ниет білдірушілер болса, әрқашан қолдауға дайынбыз, – деп, құрылыс жұмыстарын сәтті аяқтаған «Жиенбай» ЖШС өкілі Сәлімгерей Махамбетұлына алғысхат табыстады.

image-17-01-25-05-45-3
Медициналық пункттің лентасын қию құрметі Жаңажол ауылдық округінің әкімі Айбек Миразатұлы мен медицина саласының ардагері Жұмағаным Меңдәліқызына ұсынылды. Жиналған көпшілік жаңа ғимарат ішімен танысты.
Ауыл тұрғыны Мейрам Қайырлиев медициналық пункттің ашылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болғанын жеткізіп:-Бұрын медициналық пунктіміз талапқа сай келмейтін. Бүгінгі күн ауыл халқы үшін үлкен қуаныш болды. Енді үлкендеріміз аудан орталығына бармай-ақ осында ем-шараларын ала алады. Мердігерлерге, аудан және ауыл әкімдеріне алғысымыз шексіз. Ауылымыз дами берсін!– деп жүрекжарды тілегін білдірді.
Бұл игі бастама ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстың жарқын көрінісі болып отыр. Қазіргі заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа пункттің қызметі ауыл халқының денсаулығын нығайтуға зор үлес қосары анық.

Сыйлыхан Жұмасалық
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале