Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязов пен аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов Еңбекші елді мекеніндегі сынға іліккен ауыз су құбыры құрылысына арнайы барды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев мердігер «Engineering and construction group»-тың сылбыр жұмысына оң баға бермеді. Жетер жерге жеткізіп, қатаң ескерту жасады. Қосалқы мердігердің бар қосқан сылтауын жоққа шығарып, ел игілігі үшін басталған жобаның уақытында сапалы түрде аяқталуын тапсырды. Олай болмаған күннің өзінде келісімшартты үзіп, қайта серпіліс жасау керегін жеткізді. Бірақ шұғыл арада ес жиған олар бірден іске кірісті. Қазіргі таңда мұнарасын көтеріп, құм әкелу мәселесін де шешкен. Қуануға әлі ерте екенін ескерсек, сол арадағы басшы Талғат Жантұрған жоспарда жоқ кедергілер кездескенін жеткізді.
Айтуынша, жүйелі сыннан қорытынды шығарып, ауыз суды келіскендей «келістіруге» дайын. Дегенмен көшелерге жүргізу кезінде бірқатар қиындық кездесетінін жасырмады. Аудан басшысы қалған уақытты тиімді пайдаланып, қыркүйек айының онына дейін тапсыру керегін қадап айтты. Апта сайын бақылауда ұстап, үнемі қадағалап отыратынын да ескертті.
Әлібек Қаржау
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz