Аудан халқын сумен қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау өмірлік маңызы бар мәселе екені бәрімізге белгілі. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында елді мекендер таза ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Аталмыш жоба аясындағы жұмыстар Тасқала ауданында да қарқынды жүзеге асырылуда.
Тасқала ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бекболат Максимұлымен тілдескенімізде күні бүгін аудан орталығын ауыз сумен қамту көрсеткіші 80%-ды құрап отырғанын жеткізді.
– Халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы өте зор. Бағдарлама ойдағыдай орындалып жатса, аудан орталығының халқы толығымен, яғни жүз пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін күн де алыс емес, – деді ол өз сөзінде.
Тасқала ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімімен «Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламасының «Ақ бұлақ» салалық бағдарламасы аясында «Тасқала ауылындағы су құбырын қайта құру» нысаны бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 2019 жылы бастау алған болатын. Ол 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Ашық конкурс өткізіліп, су құбырын қайта құру жобасының мердігері «Мөлдір» ЖШС анықталды. Бұған республикалық және облыстық бюджеттен 499,7 млн. теңге қарастырылған. Аудан орталығында 11,65 шақырым су құбыры жаңадан салынып, қайта құрылады. Жоба бойынша Тасқала ауылының Панфилов көшесінің шығыс бөлігі, Сапаров көшесінің Абай көшесі қиылысынан Н.Мусин көшесінің қиылысына дейінгі бөлімше, Б.Момышұлы, Керей хан, Қ.Сатпаев, Сарыарқа, Сейфуллин, Қ.Аманжолов, Игілік, Жәнібек хан және Ш.Қалдаяқов көшелерінде құрылыс-монтаж жұмыстары өтеді. Ал аудандағы Мереке ауылдық округінде Мереке және Қалмақ ауылының су құбырларын қайта құру жұмыстары одан әрі жалғасуда. Бұнда жалпы құны 574 млн. теңгеге су құбырлары тартылмақ. Бұл жұмыстар 2020 жылы аяқталады деп күтілуде. Жоба бойынша 11,345 шақырым су құбыры салынып, қайта құрылады. Бұл жұмыстармен «Лайгэ» ЖШС айналысып жатыр. Тасқала ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бекболат Губаевтың айтуынша, осы жылы таза ауыз сумен қамту мақсатында Бірлік елді мекенінде су құбырының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Бұл тұрғындар үшін жағымды жаңалық. Табиғи таза ауыз судың адам денсаулығына пайдасын айтпасақ та түсінерсіздер. Мал бағып, бақша ұстайтын ауыл адамы үшін бәрі ойдағыдай жүзеге асып жатса, бұдан асқан жақсы жаңалық болмас еді.
Нәсіпқали Абенов, Керей Хан көшесінің тұрғыны:
– Бұған дейін суды өзіміздің ауламыздағы құдықтан алатын едік. Қазір суды аулама дейін кіргізіп берді. Қалғанын өзім үйге тартып алдым. Үйде орталықтың суы болғаны жақсы. Енді тек қосылуын күтудеміз.
Сәбит Жонысов, мердігер компания өкілі:
– Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстың 9000 метріне құбыр өткіздік. Жұмысымызда ешқандай кедергі жоқ. Жоба бойынша жасап жатырмыз. Барлық техникаларымыз бар. Қазіргі таңда қарамағымызда 28 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 14 адам – жергілікті тұрғын. Жергілікті адамдардың жұмысқа деген ынта-жігері қуантады. Былтыр құрылыс материалдарын, техниканы қалдырып кетіп едік, бәрі өз орнында. Белгіленген мерзімінде тапсырамыз деген ойдамыз. Таза ауыз су құбыры әр үйдің ауласына дейін жеткізіліп беріледі. Үйлердің іргесіне келген суды тұрғындар өз қаражаттарына әрі қарай қабылдап алады. Жоба бойынша су есептегішті, кранды өзіміз орнатамыз.
Серік Мұхамбетқалиев, Мереке ауылдық округі әкімі:
– Биыл Мереке және Қалмақ аулдарындағы ауыз су жүйесіне қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның мердігері «ЛАЙГЭ» ЖШС. Қазіргі таңда ауыз су құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, тең жартысынан көбі жасалды.
Болатбек Сапарғалиев,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz