17.04.2023, 17:00
Оқылды: 4

Ақ Жайықпен арманы үндес жазушы

Жәнібек аудандық орталықтандырылған кітапханасының оқырмандар қамту бөлімінде жазушы Хамза Есенжановтың шығармашылығын дәріптеу мақсатында «Арманың үндес еді Ақ Жайықпен» атты кітапханалық квилт шарасы өтті.

3ec30232-33e0-4d51-8469-b6a1b235286b

Шараға аталмыш кітапхананың басшысы Светлана Джукина, ардагер кітапханашы Улия Тұманова, БҚО өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова, кітапхананың тұрақты оқырмандары Ерлан Ғұбайдолла, Лариса Абдуғалиева және М. Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің студенттері қатысты. Бұл кездесудің ерекшелігі қатысушы қонақтар Хамза Ықсанұлының қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, оның теперіші көп өмірі туралы пікір алмаса отырып, қосымша түйгендерін арнайы параққа жазып, соңында көрмеге ілу болды. Өзгеше бағытқа бет тұрған танымдық кешті әнші Тамара Ғафарова халық әні «Беу, айдаймен» бастады. Жүргізушілер жазушының қаламгерлік еңбегіне шолу жасап, алғашқы сөз кезегін Улия Мағзомқызына берді. Ардагер кітапханашы «Ақ Жайық» трилогиясына тоқталып, жан-жақты талдады.

cfddb739-6b23-4a30-acab-f4c74bcda069

Меңдігүл Ғарифоллақызы тарихтың тамырына бойлап, қайраткерлік қырын ашса, Ерлан Ғұбайдоллаұлы «Ағайынды Жүнісовтер» романынын қысқаша баяндап берді. Лариса Сабекенқызы кітап туралы естеліктерімен бөлісіп, жастарды оқуға, ізденуге үндеді. Ой-пікірлер толастамаған квилтте аудандық саз мектебінің «Домбыра» сыныбы оқушысы Риза Әлібекова Н. Тілендиевтің «Көш керуен» күйін тарту етті. Содан соң кітапханашы Ақтілек Әлібекұлы «Жайықты жаңғыртқан дарабоз тұлға» атты кітап көрмесін таныстырып, әр жылдарда жарық көрген жинақтары, өзге ақын-жазушылардың естеліктері туралы тілге тиек етіп, аударма саласындағы еңбек жолын айтып берді. Еркін пікір алмасуға ұласқан кезеңде ауданымыздың белсенді жастарының бірі Айсұлу Жармұханбетова жары Софияға жазған хаттарын көрермендерге, әсіресе замандастарына жазушыны жақын тану мақсатында оқуға ұсынды. Қатысушылар жоғарыда айтқанымыздай, параққа жазылған пікірлерін көрмеге іліп, кері байланыс жасады.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале