9.01.2019, 16:06
Оқылды: 55

Ақадырдағы электр бағандары қалпына келтірілуде

Қалың жауған қардың кесірінен Жәнібек ауданында өткен жылдың желтоқсан айынан бері қар тазалау жұмыстары жүріп жатыр.

janibek (1)

Тау-Қамысты-Тегісшіл-Борсы бағытында «Қанат» ЖШС-ның техникалары жұмыс жасады. Қазіргі таңда Талов ауылдық округіне жол толығымен ашылып, қатынас орнады. 18 елді мекеннің 16-на жол қатынасы бар. Ақадыр мен Жақсыбай ауылдарында автогрейдердің үстімен жол салу мүмкіндігі болмауда. Дегенмен осы аталған ауылдарға далалық жерлермен жол салынады.Сондай-ақ Көлтабан, Өнеге, Жігер, Тау, Қамысты, Тегісшіл елді мекендеріндегі электр бағаналарында электр желілері үзіліп, аудандық электр торабының қызметкерлері аталған елді мекендердің электр желілерін жедел түрде қалпына келтірді. Сонымен қатар Талов ауылына қарасты Комсомол қыстағына электр желісі берілді.

Бүгінгі таңда Ақадыр елді мекенінде жарық жоқ. Оны жөндеуге Жақсыбай ауылындағы шаруа қожалықтың басшысы Сағындық Насеновтың мотошанасымен электромонтерлер электр бағанадағы сымдарды қалпына келтіруде. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін электр желісі берілетін болады. 4 қаңтар күні Қазталов-Жәнібек-Ресей Федерациясы шекарасы бағытындағы жол жабылып, 6 қаңтар күні кешкі уақытта ашылды. «Казавтодор» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның 3 техникасы ауданға дейінгі жолды ашып келді. Қазір аталған кәсіпорынның 1 техникасы Өнеге елді мекенінде кезекшілікке қойылған. Аудан орталығындағы М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің техникасы Ресейдің шекарасына дейін жолды ашып, аудан тұрғындары шекарадан еш кедергісіз өтуде. Сол сияқты «Әлем» шаруа қожалығының К-700 техникасы Ақобаға дейінгі жолды ашыды. Аталған шаруашылық Алтықашар, Еңбекші елді мекендері мен Ұзынкөл ауылына жолды тазалауда. Сондай-ақ «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының К-700 техникасы Қамысты ауылында жұмыс жасап, ауылішілік жолдарды, Қамысты, Бірінші Май және «Желқалақ» насосты стансасы тұрған жердегі қарды тазалап, осы маңдағы шаруа қожалықтарына көмек көрсетуде.

- Қалың қардың түсуіне байланысты электр бағандарына жету үлкен қиындықтар тудыруда. Тұрғындар тарапынан осыған түсіністікпен қарауын сұраймыз. Аудандық маңызы бар жолдарды қардан тазалау кезінде де қиындықтар бар. Қардың көп болуына байланысты техникалар тез тозып, істен шығуда. Осыған қарамастан көмекке келген аталған кәсіпорындар күн демей, түн демей жұмыс істеуде. Аудан әкімдігі жол бойында күндіз-түні тыным таппай, қар құрсауымен күресіп жүрген аудандық электр торабының монтерлеріне, жол пайдалану кәсіпорнының қызметкерлеріне, қолғабыс көрсетіп отырған шаруа қожалықтарына, жеке тұрғындарға алғысын білдіреді. Әлеуметтік желілер мен ақпараттық құралдарда сан түрлі бейнежазба таратқаннан гөрі, аудан тұрғындарын бірлесіп, ұйымдасып, болған істі ақыл таразысына салып, жан-жақты ойлап, уақытша қиындыққа шыдамдылық танытып, қыстан аман-есен шығу үшін жұмыс істеуге шақырамын, - дейді аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов.

janibek (2) janibek (3) janibek (4) janibek (5)

 

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

 

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале